Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев отандық бірнеше жаңа кәсіпорындарды іске қосты. Астанада Президенттің қатысуымен өткен «Индустриаландырудың екінші бесжылдығы. Қазақстанда жасалған» жалпыхалықтық телекөпірде Елбасы жобаларға жеке-жеке тоқталды. Әсіресе, «Сарыарқа» магистралдық газ құбырының құрылысы маңызды. Себебі, орталық және солтүстік аймақтарды көгілдір отынмен қамтамасыз ету – басты мәселе. Ал қоқыс өңдеу зауытын көбірек салуды тапсырған Елбасы Алматының тәжірибесіне сүйенуді айтты.
Бүгін индустриаландырудың екінші бесжылдығы жалпыхалықтық телекөпіріне еліміздің 28 кәсіпорны мен 7 мыңға жуық жұмысшы қатысты. Мемлекет басшысы бірқатар маңызды өндірістік ошақтарды іске қосты. Соның бірі – «Сарыарқа» магистралдық газ құбыры. Іске қосылған жаңа зауыт енді қалалардан бөлек, 171 елдімекенді көгілдір отынмен қамтымақ. Орталық құбыр Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана бағыты бойынша жүргізіледі. Осы орайда, елдің орталығы мен солтүстігін де табиғи отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.
«Құрметті Елбасы! Сіз алға тартқан 5 әлеуметтік бастаманың бірі – еліміздің солтүстік бөлігін газдандыру. «Сарыарқа» магистралінің ұзындығы 1061 шақырымды құрайтын болады. Яғни, 2 миллион 700 мың қазақстандықты көгілдір отынмен қамтуға мүмкіндік береді. Президент, «Сарыарқа» магистралі құрылысының бірінші кезеңін іске асыруды айқындайтын капсуланы салуға рұқсат етіңіз», – деді «Астана Газ ҚМГ» бас директоры Сағидолла МАҚАШЕВ.
Телекөпір барысында қымыз бен шұбатты экспортқа шығаруға рұқсат берілді. Бұл бірегей жоба. Себебі, «Golden Camel Group Ltd» – еліміздегі түйе мен бие сүтін ұнтақ күйде өндіріп келген жалғыз кәсіпорын. Компания өкілдерінің сөзінше, ақ тамақтың 90 пайызы шетелдік нарыққа шығарылатын болады.
«Құрметті Елбасы! Жоба Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарында мал басын көбейтіп, түйе шаруашылығының дамуына септігін тигізеді. Біздің жоба – Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара тиімді серіктестіктің дәлелі. Қадірлі Елбасы, инвесторларға көрсеткен қолдауыңыз үшін Сізге алғыс білдіріп, зауытымыздың экспорттық өнімдерін жөнелтуге рұқсат беріңіз!», – деді «Golden Camel Group Ltd» ЖШС директоры Янг ДЖИ.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде қоқысты өңдеу зауыттарын көбірек салуды тапсырды. Бұған Алматы қаласының тәжірибесіне сүйенуге болатынын айтты. Телекөпір барысында ірі мегаполис Алматыдағы «GreenRecycle» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысын іске қосты. Аталған қоқыс сұрыптау кешенінің құрылысы 2017-2018 жылдары жүргізілген. Қуаттылығы 550 мың тоннаны құрайтын зауыт картон, целлофан, шыны, пластик, металл сынды қоқыстардан шикізат өңдемек. Осының арқасында шаһардағы экологиялық жағдай айтарлықтай жақсара түседі деп болжайды мамандар. Ал жаңадан іске қосылған кәсіпорын 528 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік бермек.
«Ірі мегаполистерде қоқысты қайта өңдеп, қайталама өнімді алу – өте тиімді бизнес. Бұл саланы әлі қолға алған емеспіз. Алматыда басталғаны жақсы болды. Себебі, еліміздегі ең ірі қала, зиянды тастандылар көлемі жоғары шаһар. Бұл тәжірибені Астанаға да енгізу қажет. Қазақстандағы барлық күл-қоқыс қайта өңделуі тиіс», – деді Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Индустриаландырудың екінші бесжылдығы аясында «Алтын сапа» сыйлығының, сондай-ақ «Парыз-2018» және «Қазақстандық үздік тауар» байқауларының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Анықталғандай, биыл «Алтын сапа» байқауына 182 кәсіпорын өтінім берген. Оның 28-і алпауыт кәсіпорын болса, 76-сы орта, 78-і шағын кәсіпкерлік нысандары. Олар: «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын», «Халыққа арналған тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын», «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» және «Азық-түлік тауарларын және/немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын» атты 4 аталым бойынша сынға түсті.
Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана