Ұлттық банк ипотекалық және тұтынушылық несиенің рәсімдеу комиссиясын алып тастамақшы

27.12.2018 00:38

Келесі жылдан бастап, ипотекалық және тұтынушылық несиені рәсімдегені үшін банктер комиссия ақысын алмауы мүмкін. Ал, 2016 жылға дейін микрокредиттік ұйымдардан қаражат алғандардың ішінде әлі күнге дейін берешегі бар азаматтар болса, қарызын қайта қаржыландырғандары абзал. Неліктен? Бұл сауалдардың жауабын «Алматы» телеарнасының тілшісіне ҚР Ұлттық банкінің бас сарапшысы Ержан ӘБІШ айтып берді.

- Ержан Жарылқасынұлы! Айтыңызшы, Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерге қанша пайызбен несие беруге рұқсат етеді? Дәл сол секілді, шағын микрокредиттік ұйымдардың пайыздық мөлшерлемесіне қадағалау қаншалықты жүріп жатыр?

- Біріншіден, ҚР Ұлттық банкінің 2012 жылы 12 желтоқсандағы 377-қаулысына сәйкес, сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі 56 пайызбен бекітілген болатын. Яғни, тиімді мөлшерлемеге сыйақы мөлешерлемесі де кіретін болады. Сыйақы мөлшерлемесі банктердің, микро кредиттік ұйымдардың өзінің ішкі процесіне байланысты құрылады. Ол көптеген факторларға байланысты. Атап айтсақ, инфляция, базалық мөлшерлеме, есеп айырмасы, немесе операциялық шығындарға байланысты толықтай пайыздық мөлшерлеме қалыптасады. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап микрокредиттік ұйымдар қайта құрылымдаудан өтіп немесе ликвидацияға ұшырап жатыр. Осы арқылы қазір қадағалау күшеюде.

- Бұған дейін комиссияның бірнеше түрі алынып тасталып еді. Қазір қандай түрлері қалды? Ал, жасырын комиссия үшін банкке қаражат төлеп келгенін азамат қалай анықтаса болады?

- Біріншіден, комиссияға байланысты. Сыйақы мөлшерлемелеріне кредитті беруге байланысты қарыз алушының банкоматтан ақша алуға байланысты өздерінің комиссиялары болады. Олар сыйақы мөлшерлемесіне кіреді. Ал, енді ипотеалық несие алуға байланысты жеке тұлғалардың (кәсіпкерлікпен айналыспайтын) комиссиясы алынып тасталмақ. Осы сұрақ қазір Парламентте қарауда жатыр. Ертеңгі күні мақұлданатын болса, басқа да несие түрлеріне таралатын болады. Яғни, бұл комиссиялар болмайды. Жасырын комиссияға қатысты айтар болсам, бұған қарыздық шоттарды қызмет көрсету деген комиссия болды. Ол заңсыз болып табылды. Қазір Ұлттық банктің қадағалауында. Бұдан былай екінші деңгейлі банктер мұндай комиссия қолданбайды. Егер жасырын комиссияға қатысты қандай да бір деректер тіркелетін болса, оны ҚР Ұлттық банкі тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасына немесе оның филиалдарына арыз шағыммен келулеріңізге болады. Бірақ бармастан бұрын келісім-шартты дұрыстап оқып, барлық мағлұматпен таныстқандарыңыз абзал.

- Уақыт тауып әңгімелескеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Өмір ӘНУАРБЕК, «Алматы» телеарнасы