Мәдениет және спорт министрлігі өткен аптада 37 мың АҚШ доллар көлемінде пара алып жатқан жерінен ұсталған қызметкерлері туралы мәлімдеме жасады.
Экономикалық қылмысқа барған ведомствоның жауапты хатшысы Қуатжан Уәли аудандық сотқа ақшалай кепіл беріп, бостандыққа шыққан. Уәлидің қазанның 24-інен бері он күнге ақысыз демалысқа кеткені де анықталды. Ал бұған дейін екі айға үй қамаққа алынған әкімшілік департаментінің директоры Еренай Дәржібаевтың үстінен агенттік қылмыстық іс қозғаған. Ведомстводағылар экономикалық қылмысқа барғандарға қатысты нақты шешім қабылдау үшін Ұлттық бюро қорытындысын күтеді. Қалған бес мемлекеттік қызметші туралы мамандар тіс жармады.
«Департамент басшысы 24 қазаннан бері жұмыс орнында жоқ. Телефоны өшіп тұр. Сондықтан қазіргі уақытта департамент директорының міндетін атқару уақытша басқа қызметкерге жүктелген», – деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментінің директоры Күміс СЕЙІТОВА.
Естеріңізге салсақ, халықаралық «Қазақпарат» ақпарат агенттігі басшысынан мемлекеттік сатып алу келісімін реттеу үшін министрлік шенеуніктері 37 мың АҚШ долларын талап еткені мәлім болған еді. 13 миллион теңгеге пара-пар соманы алмақ болғандарды құзырлы органдағылар Астананың ең беделді мейрамханаларының бірінде ұстаған. Еренай Дәржібаев пен Қуатжан Уәлиден басқа, тағы 5 мемлекеттік қызметкердің осы іске қатысы бар.