Қазақстанда Құран кітабы тұңғыш рет арабшадан орысшаға аударылды. Тәржімалаған – отандасымыз Серік Рысжанов деген азамат.
Автор өз бетінше араб тілін үйреніп, Исламдағы ағымдардың ешқайсына сүйенбестен, киелі кітапты аударып шығыпты. Жиырма жылдан бері исламды зерттеп келген ол бұл кітапты Құранның мағыналық аудармасына жатқызады.
«Мен алғаш зерттеу жұмыстарына 1998 жылдан бастадым. Біздегі Құранның орысша аудармалары көбінесе ресейлік Осанов, Кулиев, Прохорова, Крючковский, Шиффер, Саблуков деген аудармашылардікі. Сондай-ақ, Германиядан шыққан 5 томдық аударма бар, түсініктемесімен бірге. Сонымен қатар, Египеттен келген әл-Мутхохаб деген ғалымның да аударғаны бар. Бірақ мұның бәрі шетелден келгендер. Ал өзімізде мұндай тікелей аударма болған жоқ», – дейді аудармашы Серік РЫСЖАНОВ.
Әзірге аударылған кітаптың 1 мың данасы басылып шыққан. Типографиядан шыққан құнынан төмен бағада сатылады екен. Бастысы, басылымда экстремизм мен радикализмге жол берілмегенін алға тартады Серік Рысжанов. Тіпті, аудармаға Әзербайжан, Ресейдің ғалымдары рецензия жазыпты. Ал аударма авторы Қазақстанның Қоғамдық даму министрлігінен арнайы қажетті рұқсат қағазы бар екені алға тартты.