Елімізде атаулы әлеуметтік көмектің форматы өзгерді. Министр Мәдина Әбілқасымова жаңашылдықты Мәжілісте таныстырды.
Өзгешеленген мемлекеттік қолдау шартсыз және шартты деп екі түрде берілетін болды. Алғашқы, яғни шартсыз түрі еңбекке қабілетсіз азаматтары бар отбасыларға арналса, шарттысы – отбасында кемінде еңбекке қабілетті бір мүшесі бар отбасылар ала алады. Бұл санаттағы қаржыдан үміттілермен мемлекет әлеуметтік көмек үшін келісімшарт жасасады. Олар арнайы талаптарды уақтылы орындап тұруы да керек.
Сонымен қатар, құжат жинау оңтайландырылады. «Бір терезе» қағидасы бойынша қалалықтар Халықты жұмыспен қамту орталығына, ал ауылдағылар ауылдық округтердің әкімдеріне жүгіне алады.
«Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек шеңберінде күнкөрісі төмен азаматтарды кешенді қолдау принципі енгізіледі. Біріншіден, бұл ақшалай төлем; екіншіден, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары, яғни оқуға, жастар практикасына, әлеуметтік жұмыс орындарына жіберу, микрокредит беру; үшіншіден, әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемі», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина ӘБІЛҚАСЫМОВА.
Одан бөлек, әлеуметтік келісімшарттың мерзімі де сөз болды. Бір шарт 6 ай мерзімге жасалады. Оны қосымша тағы 6 айға ұзарту мүмкіндігі беріледі.