Алматының Ботаникалық бағы қайта жөндеуден өтіп, жаңа кейіпке енетін болды. Бірнеше ай бойы жұртшылықпен талқыланған жобаның концепциясын бүгін қаланың Қоғамдық кеңес мүшелері мақұлдады. Соған сәйкес, енді қалалықтардың сүйікті демалыс орны ерекше түрленеді. Баққа үш жақтан кіретін жол салынып, тынығушыларға жайлы жағдай жасалады. Жасыл желекке зиян тигізбейтіндей жарық шамдары орнатылып, бейнебақылау камералары қойылады.
17 гектардан астам аумақты алып жатқан Ботаникалық бақтың болашақ тағдырына алаңдаған жұртшылық бүгін тағы бас қосты. Барлығы қаланың көрнекті орнын көркейтуді қолға алатын кәсіпкерлер жобасын мұқият тыңдады. Жоспар бойынша бақ іші заманауи әдістерді пайдаланып, қайта түлемек. Енді баққа үш жақтан кіретін жол салынып, онда павильондар қойылады. Павильон ішінде билет кассалары, шәй ішетін орын мен дәретхана орнатылады. Келушілерге бақ жұмысынан хабардар ететін ақпараттық тақтайшалар да қарастырылмақ.
«Бұған дейін бақты жаңарту мәселесі көп талқыланды. Тұрғындардың көпшілігі бақ жөндеуден өткенде коммерциялық мақсаттарға беріліп, кафе-ресторандар салынады деп алаңдады. Ағаштар кесіліп, жер телімі жекеге өтеді деп сын айтты. Бірақ біз мұның барлығын жоққа шығарамыз. Жаңа жобаны жұртшылықтың талап-тілегін ескере отырып дайындадық. Бұл жұмыстар жүзеге асқанда, бақтың бүтіндігі сақталып, бір де бір жасыл желек оталмайтын болады», – деді Б. Өтемұратов қорының директоры Марат АЙТМАҒАМБЕТОВ.
Ботаникалық бақты жаңартуға Болат Өтемұратов қоры мен «Верный капитал» компаниясы өкілдері ықылас білдіріп отыр. Олар жөндеу жұмыстарына шамамен, 15 миллион доллар жұмсамақ. Қарастырылған қаржыға біршама жұмыс атқарылады. Тозығы жеткен жолдар жөнделіп, аумақ жарықтандырылады. Тіпті, бейнебақылау камералары қойылады. Ал әбден ескіріп, қираған қоршаулар түгелдей ауыстырылады. Әсіресе, бұған дейін суару жағы жеткілікті қамтамасыз етілмеген жасыл желекті тұрақты тіршілік нәрімен жабдықтау көзделіп отыр. Ол үшін бақ ішінде тоғандар көбейтілмек.
«Ботаникалық бақтың шығыс жағында Тереңқұлақ өзені ағады. Сол өзенді баққа қарай бұрып, су тоғандарын жасаймыз. Ол тоғандардан бақтың бүкіл аумағы суарылатын болады. Жалпы, қазір бақта суару жүйесі жеткілікті қамтамасыз етілмеген. Инженерлік желілер де тозған. Сондықтан ең бастысы, бақты тұрақты сумен жабдықтауды көздеп отырмыз», – деді «Верный капитал» компаниялар тобының бас директоры Ерлан ОСПАНОВ.
Бақ ішіндегі бұрынғы тоғандар да жөндеу көріп, арық жүйелері жаңартылады. Субұрқақтар көбейтіліп, жасыл желек саны да арта түседі. Ал әр ағашқа QR-код орнату көзделіп отыр. Тұрғындар ұялы телефоны арқылы сол QR-кодтан өсімдік туралы бар мағлұмат алады.
«Ботаникалық бақ республикалық маңызы бар, ерекше қорғалатын табиғи аумақ. Осыған орай, жергілікті уәкілетті орган қала қазынасынан бақты ары қарай күтіп-баптауға қаржы бөлуін тоқтатпайды», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сұлтанбек МӘКЕЖАНОВ.
Қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнын жаңаша түлететін жобаны жергілікті мамандардан өзге, Польша мен Португалияның ландшафтық сәулетшілері әзірлеген. Эскиздік жобаларға тұрғындардың талап-тілектері қосылған. Тың жобаны бүгін қаланың Қоғамдық кеңес мүшелері түгелдей мақұлдап, бақты жаңартуға бірауыздан рұқсат етті. Енді қор мүшелері іске кірісіп, 1,5-2 жылда Ботаникалық бақты адам танымастай өзгертетін болады.
Айдана Мейрамбайқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы