Монополистерден артық қаржыны қайтаруды талап ету керек – экономист

09.11.2018 00:46

Қазақстандықтардың қалтасынан заңсыз жымқырылған 30 миллиард теңге иелеріне қайтарылуы әбден мүмкін. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев күні кеше Ақордада қауіпсіздік кеңесінің отырысында 5 миллиард теңгеге жуық қаражат тұтынушыларға компенсацияланғанын мәлімдеді. Бұдан бөлек, мемлекет басшысы коммуналдық қызметтердің тарифтерін заңсыз шарықтатқан монополистерді қатаң жазалауды тапсырды. Түйткіл жайында отандық экономист сарапшылар мен халық қалаулылары не дейді?  

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бас прокуратура жүргізген тексерістің нәтижесін мәлімдеді. Анықталғандай, бүгіннің өзінде құқық қорғаушылар тұтынушылардан заңсыз өндірілген 8,5 миллиард теңгені анықтаған. Оның 5 миллиардқа жуығы бүгінде компенсацияланыпты. Осы орайда Президент тарифтерді заңсыз көтерген монополистерді жазалауды тапсырды. Үкімет басшысына жағдайды жіті бақылап, Энергетика министріне қазақстандық тұтынушылардың қалтасынан кеткен әрбір тиын бойынша есеп жүргізуді жүктеді. Шыққан ақшаның барлығы дерлік ел экономикасына құйылуы керек деді Елбасы. Ал Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Азамат Майтиевті сынның астында қалдырып, сөгіс жариялады.

Анықталғандай, Астананың өзінде бүгін коммуналдық қызметтердің тарифтері арзандаған. Мәселен, жылумен қамтамасыз ету бір Гкал-ына 3017 теңгеден 2843 теңгеге төмендеді. Ал электрмен жабдықтау киловаты 15 теңгеден 14 теңгеге арзандаған. Отандық экономистер бұл үрдісті Астанада ғана емес, еліміздің барлық облыстарында жүргізу қажет дейді.  

«Ең алдымен, тұтынушылардың қалтасынан нақты қанша миллиард кеткенін және қайда екенін анықтау қажет. Содан соң ол қаржыны қайтаруды талап ету керек. Астанада тарифтер арзандатылды. Демек, алғашқы қадам жасалды. Бұл үрдісті елдің басқа да облыстарында жалғастыру қажет. Жалпы айтарым, бізде Елбасымен жүктелген бағдарламалар іске аспауда. Үдемелі индустриалды даму бағдарламасы орындалмады. Ол басқасына ұласты. Елбасы 2005 жылы кластерлерді құрып, дамыту туралы айтқан болатын. Кластер дегеніміздің өзі бақылау ғой. Бірақ қазір 2018 жыл, ал бәрі бұрынғыдай», – деді экономист Олег ЕГОРОВ.    

Ал халық қалаулылары Монополия туралы заңның Парламенттің қарауында жатқанын айтуда. Экология және табиғи ресурстарды пайдалану комитетінің мамандары аталған құжатта тарифтерді жылына бір реттен артық жоғарылатпауды ұсынған.

«Президенттің кешегі айтқанынан кейін, Глеб Щегельский Ұлттық экономика өкілдерімен кездесу өткізді. Онда біз осы айтылған жағдайға байланысты мамандардан нақты әрі толық пысықтауын сұрадық. Қайта санаудан кейін, монополистермен тұтынушылардан заңсыз алынған қаражатты қайтаруға болады. Бұл құзырлы органдардың жұмыс істеуіне байланысты. Монополистер тарифтің өсуін өздерінің стратегиялық шикізат, яғни мұнай, газ, суды асыра пайдалануымен ақтап ала алады. Өкініштісі, біз бүгінде елді ойлайтын монополистер деңгейін көрмей отырмыз», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Галина БАЙМАХАНОВА.  

2009 жылы Қазақстанда «Инвестиция орнына – тариф» жобасы қабылданған болатын. Жеті жылдың ішінде ол монополистерге өздерінің өндірістерін жаңғырту үшін миллиардтаған қаржы табуға мүмкіндік берді. Алайда өкініштісі, инвестициялау мен қуаттарды жаңартудың орнына ірі энергетикалық компаниялар тұтынушылар есебінен заңсыз түрде дәулетін арттырып келген. Қайткенмен, бұл монополистер енді қатаң жазаға ұшырамақ.


Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана