Ешқашан өсек пен өтірікке әуестенбеген әртіс болса, ол – қазақтың Төлегені. Қазақтың қара нары қара жерге тапсырылғанына бір жыл толыпты. Арда азаматтың өнердегі аға-достары оны өнерде де, өмірде де ақтық демі үзілгенше адамдық қасиеттен ада болған емес еді деп еске алды. Тағдыр Құман Тастанбековке «Жүрейік жүрек ауыртпай» қойылымын сахнадағы соңғы рөлі етіп бұйыртқаны да бекер емес шығар дейді. Спектальдің атына адамзат баласы сай болса екен деп үндеп тұрғандай.
Тағдырдың сыйын да, сынын да арқалай білген азамат – Құман Тастанбеков туралы том-том кітап жазуға болады. Тұғыры биік тұлғаға тағдырдың тартқан ең үлкен сыйы – қазақтың Төлегені атануы. Бақилық болғанына бір жыл өтсе де, қараша халық та, өнердегі бауыр да «Алаштың айтулы азаматы мәңгі ел есінде бола береді» дейді. Спектальдің режиссері Есмұхан Обаев театр мен кино саласында жұлдызы қатар жанған әртістің «әкем-театрда» соңғы рет «Жүрейік жүрек ауыртпай» қойылымында басты кейіпкердің рөлін ерекше сомдағанын айтады.
«Сахнада бір шешілді дейсіз, көсілді дейсіз. Бала-шағасы тастап кеткен, үйі сатылып кеткен, ауылдан қалаға келіп, келіннің қолында ит болып қалған интеллегент шалдың рөлі ғой. Соның астарын, үлкен филофофиялық астарын ашатын монологтарда көзінен аққан жасы парша-парша болып, өзін-өзі ұстай алмай, өкси жылады. Сонда дәмінің таусылар шағын өзі сезді ме екен, Алла сездірді ме екен деген ойлар келеді кейде...», – деп тебірене еске алады ҚР Халық әртісі Есмұхан ОБАЕВ.
Иә, сол күні сахнаның тарланы тылсым күштің әсерін сезсе керек. Кешкі қойылымнан кейін Ес-ағасымен қол алысып, төс қағыстырыпты. Ал Халық әртісі Асанәлі Әшімов Құман Тастанбековпен соңғы рет АҚШ-қа іссапарға барған екен. Сонда «бауырымды қатты құшақтамағаным үшін қазір қынжылып отырмын» дейді дос-ағасы. Ал Қыз Жібек пен Төлегеннің махаббаты өнерде ғана емес, өмірде де тағдырының тармағы сәтті тоғысуы үшін қосқан үлесін еске алды Халық әртісі.
«Екеуінің одағын құруды ұйымдастырдық. Ол кезде Меруерт асау. Біраз көнбей, бұлқынған кездері болды. Құманның бір ерекшелігі басқаларға қарағанда ешқашан өсек, өтірік айтпайтын. Бірақ менің «әттегенай» дейтінім, Құманды Америкадағы соңғы сапарда неге құшақтап, аймалап бір сүймедім деп өкініп қалдым», – деп өкініш білдірді ҚР Халық әртісі Асанәлі ӘШІМОВ.
Құман Тастанбеков алғаш «Қыз Жібек» фильміндегі Төлеген рөлінде ойнағаннан кейін, «Қыс – мазасыз маусым», «Ағам менің», «Ерекше күн», «Аққулар ұшып келеді», «Махаббат жаңғырығы», «Алаң шеті», «Өрнек» сынды фильмдерге түсті. Ал театрда Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан», «Қарагөз» және «Еңлік-Кебек», Шыңғыс Айтматовтың «Ана-Жер-Ана» және «Ақ кеме», Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» және басқа да көптеген қойылымдарды сахналған. Қазақтың Төлегеніне еліктеп жүріп өнерге келген актер Омар Жұмабекұлы 37 жылдан бері «Құман Тастанбековтың өнерінен бөлек, өмірдегі өресі биік тұлға болғаны үшін оның алдында басымды иіп өтемін» дейді. Жиырма жылдан бері «әкем-театрдың» бет әрлеу бөлмесінде бірге отырған Омар Қиқымов дос-ағасының әрбір рөлге дайындығына куә болыпты. Есте сақтау қабілеті ерекше болғанымен, Құман Нұрмағанұлы кез келген қойылымға ыждаһаттылықпен алдын ала әбден дайындалатын дейді. Сондықтан да мадақтаудың ең биігі қазақтың Төлегеніне бұйырды. Ол – халықтың сөнбейтін ыстық ықыласы.
«Төлеген деген атымен қара жерді қақ айырды. Халқының алақанында өтті. Соншалықты әлдиледі. Одан артық қандай атақ керек? Бірақ соны Құман аға көтере білді. Ал басқа біреу болса атақ-даңқын басқаша пайдаланар ма еді деп ойлаймын», – деп еске алады Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері Омар ҚИҚЫМОВ.
Актердың сыртқы келбеті қанша әрлі болса, ішкі жан дүниесі де сондай нұрлы еді дейді әкем театрдың әртістері. Сырнайды сызылта ойнайтын сері жігіттің жетістігіне куә болып келген әріптестері Құман Тастанбековтың есімі алтын әріппен жазылатын тұлға екені даусыз дейді. Көңілі кіршіксіз адал жанның ғұмыр ұзағынан болсын деп күллі қазақ тілесе де, ғасырда бір туатын тұлғаның жұлдызы жарқ етіп өте шықты.
«Десең де ауыр екен, індет екен,
Қартаю – тірі жанға міндет екен.
Секіріп 80 белден, 90 асып,
Жеткейсің 100 дейтұғын күнге көкем» деп тілек айтып едім. Бірақ ол Алланың қолындағы іс екен», – деп күрсінді Омар ҚИҚЫМОВ.
Әйкерім Ердәулетқызы, Нұржан Өтегенов «Алматы телеарнасы