Астанадағы мектеп-лицейінің бірінде ас мәзірінің құрамынан сапасыз күріш пен доңыз еті табылды. Бұл жайт аталмыш оқу ордасында тәлім алушылар астан кейін жиі ауыра бастағанда бір-ақ анықталған. Үлгілі білім ошағының басшысы санитарлық норманың бұзылғанын мойындап отыр. Енді мұндай олқылықтарға жол бергендер қалай жауапқа тартылады? Қалада қанша мектептің асханасы сапасыз тағам ұсынып жүр?
Елорданың нөмірі №85 мектеп-лицейінің асханасында доңыз терісінен жасалған шұжық пен арзан қытайлық күрішті асқа қосқан. «Фейсбук» желісінде қолданушы Раушан Нұрғалимова осындай ақпаратпен бөлісті. Сапасыз астың мектеп асханасында берілгенін оқу ордасының басшылығы да растап отыр.
«Бастапқыда өнім берушілер тарапынан кемшіліктер болды. Бірақ ол кемшіліктердің 1-4 сыныптағы оқушыларға еш қатысы жоқ. Мектеп асханасында «Еркін ас мәзірі» деген бар, сол мәзірден кеткен қателік болатын. Комиссия, мектеп әкімшілігі, ата-аналар бірігіп жұмыс істеу арқылы ол олқылықтарды қазір жойдық», – деді Астана қаласы № 85 мектеп-лицейі директорының орынбасары Марс ӘБЛЕЗОВ.
Білім басқармасы жағдайды естіген бойда бірден мектеп әкімшілігін сапасыз, денсаулыққа зиян тағам ұсынған тараппен келісімшартты бұзуға мәжбүрлеген. Осыдан кейін қолға алынған бракераждық комиссия, яғни «Нұр Отан» партиясы, ата-аналар мен өзге де қалалық басқармалар өкілдерінің тексерісінен кейін, басқа мектептердегі заңбұзушылықтар анықталған. Жалпы, Астананың 78 білім ордасына бой сұққан мамандар 16 мектептің санитарлық талаптарға сай болмағанын айтты.
«Бракераждық комиссия бір күн ішінде осыншама кемшіліктерді анықтады. Сонымен қатар, кейінгі тексерістерде комиссия мектептегі салынған тамақтардың салмағы дұрыс емес екенін анықтады. Ондай кездерде мердігермен арадағы есепті қайта жүргізу ісі жүргізілді», – деді Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Дулат ЖЕКЕБАЕВ.
Белсенділер соңғы кезде мектеп асханаларында сапасыз астың артқанын айтады. Сондықтан баласының тағдырына алаңдаған Ата-аналар қауымдастығы мәселені басқаша шешу жолын ұсынып отыр.
«Асхана қызметкерлері таңғы 5-6-дан бастап жұмысын бастайды. Бұл кезде не мектеп директоры, дәрігер немесе басқа да мамандар арнайы тексеріп келе қоймайды. Тек онлайн-камера мектеп асханасындағы тәртіпті сақтап, санитарлық нормалардың дұрыс болуын күні-түні бақылауға мүмкіндік береді. Сондықтан асханаларда бейнекамера қою керек деп есептейміз», – деді қалалық Ата-аналар қауымдастығының төрайымы Татьяна КОРШУНОВА.
Бүгінгі таңда елорданың 85 мектебінде асхана бар. Онда бастауыш сыныпта оқитын 76 мың оқушы мен аз қамтылған отбасынан шыққан 1200 бүлдіршін тегін тамақтандырылады. Айта кетейік, биылғы оқу маусымына жергілікті бюджеттен 3,8 миллиард теңге бөлінген. Бір балаға берілетін астың құны 338 теңгені құрап отыр.
Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана