Сайлау процесінде азаматтық қоғам институттарының рөлі нақтыланбаған. Қоғамдық даму министрлігінің халық арасында жүргізген сауалнамасына сәйкес, қазақстандықтардың 35 пайызы үкіметтік емес ұйымдардың рөлін сезінсе, қалған 65 пайызы оларды күшейту керек дегенді айтады. Сол себепті сайлауды бақылау, талдау және зерттеу процесіне кеңінен тарту қажет екен.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашевтың айтуынша, сайлау заңнамасына енгізілген өзгерістер саяси партиялар мен үкіметтік емес сектордың сайлау процестеріне белсенді қатысуы үшін біршама әлеуетке ие. Бірақ қойылатын талаптар да бар.
«Саяси партиялар және қоғамдық бірлестіктер біріншіден, сайлау комиссияларының құрамына ұсынылатын кандидатураларды іріктеуде өте жауапты болуы тиіс. Екіншіден, партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар ұсынатын сайлау комиссиялары мүшелерінің біліктілік деңгейі болуы тиіс», – деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік ИМАШЕВ.