Алматыда киберспортшылар арасында турнир өтті

20.12.2018 00:54

Алматыда киберспортшылар өзара бақ сынасып, финалға тек 4 ойыншы өткен.

Қатысушылардың ең кішісі 16, ал үлкені 31 жаста. Бұл ойында жасқа шектеу қойылмайды дейді ұйымдастырушылар.

Турнирдің сыйақы қоры 2 миллион теңгені құраған. Жалпы, StarCraft-2 ойыны бойынша ашық чемпионаттың іріктеу кезеңіне бас-аяғы, 70 адам қатысыпты. Тіпті, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстаннан ойыншылар келген.

Айта кетейік, ресми дерек бойынша күніне 1 миллионнан астам адам компьютерлік ойын ойнайды екен. Ал биыл құрылған киберспорт қауымдастығының елімізде 10 бөлімшесі бар.

«Бұл ойында маңыздысы – мықты стратегия құра білу. Негізі, шахматқа да ұқсас деуіме болады. Себебі, қарсыластың әр басқан қадамын аңдып, жағдайды бақылауда ұстау қажет. Және де қол шапшаңдығының да маңызы зор. Компьютерлік бұл ойын киберспорт қатарына кірген. Мәселен, StarCraft-2 1998 жылы шығарылса да, көптің сұранысына ие», – деді Қазақ киберспорт қауымдастығының вице-президенті Евгений БОГАТЫРЕВ.

«Ойынға деген қызығушылығым 2010 жылы басталды. Бұл жерде компьютерге қарсы емес, адамға қарсы ойнайсың. Ол бір жағынан спорт әрі үлкен мотивация. Соңғы уақытта өз күшіңді сынайтын турнирлер көптеп өткізіліп жүр. Адамның ойлау қабілетін арттырады. Айтарым, бастаған істі аяғына дейін жеткізуді үйретеді. Және алға қойған мақсаттарды, қиыншылықтарды еңсеруге баулиды», – дейді қатысушы Әділет САТЫБАЛДИН.