Алматыда ұстаздар мерекесі айрықша аталып өтті

06.10.2018 00:54

Алматыда ұстаздар мерекесі аталып өтіп жатыр. Мерекелік шара Өмірбек Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында ұйымдастырылған. Мұғалімдерге арналған концертте «Алматы» телеарнасының тілшісі Өмір Әнуарбек те қатысып қайтқан еді.    

Шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев ұстаздарға қажымас қайрат тілеп, ерен еңбектерінің еленетінін айтты. Сонымен қатар, мұғалімдерді төл мерекелерімен құттықтады. Бүгінгі шараға қаладағы барлық мұғалім, білім беру ісінің үздіктері және ардагер ұстаздар келген. Олар да әріптестерін мейраммен құттықтап, сәлемдерін жолдады.

Шарада білім беру саласындағы үздіктер марапатталады. Сонымен қатар, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» және «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгілері табысталды. Мерекелік концерт эстрада жұлдыздарының өнер көрсетуімен жалғасын тапты.

Айта кетейік, елімізде «Ұстаздар күні» мерекесі қазан айының алғашқы аптасында тойланады.