Алматыда Елорданың 20 жылдығына орай қалалық жас ақындар айтысы өтті. Аламанға 8 ауданнан үздік деп танылған 16 айтыскер қатысты. Олар бес басты бағытты қамтып өтулері тиіс. Оның қатарында, «Астананың бас сәулетшісі – Елбасы», «Мәңгілік ел» және «Қазақ тілі - мемлекеттік тіл» тақырыптары бар. Әділқазылар ақындардың өнерін бағалау кезінде суырып салма өнері мен дауыс мәнеріне басты мән бермек. Жеңімпаздар арнайы диплом және ақшалай сыйлықтармен марапатталады.
«Бұл айтыскер ақындардың барлығы да негізінен үлкен сахнада айтысып жүрген. Мынау қазақ айтысының майталман ақындарының ізін алып келе жатқан, өкшесін басып келе жатқан ақындар. Келешекте сол ақындарды алмастырады деген біздің үмітіміз бар. Сондықтан сол ақындардың қанатын қатайтып алайық деген ниетпенен бүгін осы қасиетті қара шаңырақ Қазақстан Жазушылар одағының әдебиетшілер үйінде міне осы айтысты ұйымдастырып отырмыз»,- деді Алматы қаласы тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Бақыт ҚАЛЫМБЕТ.
Сондай-ақ ақпарат айдынындағы кіл мықтылар бәйгеге түсетін «Мемлекеттік тіл және БАҚ» атты қалалық байқаудың марапаттау шарасы өтті. Онда өздерінің кәсібилігін «Үздік тележурналист» номинациясы бойынша дәлелдеген әріптестерім Әмірболат Құсайынұлы мен Жадыра Омаржан жүлделі орындарға ие болды. Олардың репортаждары үздік деп танылған. 40-тан астам журналист қатысқан байқауда еш тілші елеусіз қалған жоқ.
Жадыра Омаржан, «Алматы» телеарнасы.