Енді ПИК қызметін тұрғын үй инспекциясы қадағалайды

24.11.2018 01:00

Елімізде тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласын ауқымды реформа күтіп тұр. Тұрғын үй кешендерінің иелері мен басқарушы компаниялардың арасында жаңа модель енгізілмек. Жаңашылдықтар бірінше кезекте әрбір тұрғынға ақпараттық жүйелер арқылы қаржыны бақылап отыруға мүмкіндік береді. Реформалар жайын кеңірек білу мақсатында еліміздің Инвестициялар және даму министрлігі құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын дамыту департаментінің басқарма жетекшісі Руслан МҰЗДЫБЕКОВТЫ сұхбатқа тартқан едік.

– Руслан мырза, осыдан біраз уақыт бұрын Инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласында күтіліп жатқан реформалар жайлы мәлімдеме жасаған болатын. Заңнамадағы бұл жаңартулар ПИК-терді таратып, оның жұмысын қаншалықты реттей алады? Бұл реформалар қашаннан бастап енгізілмек?

– Қазіргі уақытта Инвестициялар және даму министрлігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласында қордаланып қалған бірқатар мәселелерді шешу мақсатында тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын әзірлеп, ҚР Парламенті мәжілісінде енгізілді. Заң жобасы бойынша Парламент мәжілісі жанынан тиісті жұмыс тобы құрылып, қарастырылу үстінде. Заң жобасы енді тиісті Парламент мәжілісінің қарауынан кейін Парламент сенатқа енгізіліп, сосын Қазақстан Республикасының президентіне қол қойылуға ұсынылатын болады.

– Бүгінде елімізде қанша басқару компаниясы және Пәтер иелері кооперативтері жұмыс істеуде? Олардың қызметін кім бақылап отыр?  

– Жергілікті атқарушы органдардың мәліметтеріне сәйкес, қазіргі кезде республика бойынша 14900-ден астам басқару органдары болатын болса, оның ішінде, Пәтер иелері кооперативтерінің саны 3022 бірлікті құрайды. Енді қолданыстағы тұрғын үй қатынастары заңына сәйкес, Пәтер иелері кооперативтерінің, басқа да басқару органдарының қызметін жергілікті атқарушы органдардағы тұрғын үй инспекциясы қадағалайды.

– Қазақстанда өздерін басқарып отырған тұрғын үйлер бар екен. Заң жобасындағы өзгерістер оларға қалай әсер ететін болады?

– Қазіргі қолданыстағы тұрғын үй қатынастары туралы заңға сәйкес тұрғын үйді басқару бойынша төрт басқару формасы болатын болса, оның бірі – тұрғындардың өздері тікелей бірлесіп басқару формасы. Бұл қазіргі заң жобасының аясында оларға аталған форманы қалдырып отырмыз. Бұл басқару формасы қалай жұмыс жасаса, бұдан кейін де солай жұмыс атқара беретін болады.  

– Заң жобасына оралсақ, бұл жаңартулар тұрғындар қаржысының қайда жұмсалып жатқанының ашықтығын толық қамтамасыз ете ала ма?  

– Заң жобасының негізгі тұжырымдамалық өзгерістердің бірі – атап өткеніміздей, жаңа басқару нысанын құру. Бұл осы тұрғын үйлерді басқару бойынша қызметтерді ашықтандыру, жиналған қаражаттың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында және де басқару органдарының қызметін реттеу және күшейту бойынша бірқатар мәселелерді көздеп отыр.

– Рахмет!


Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана