Алматыда ойыншық тапаншамен дүкен тонап жүрген студенттер ұсталды (фото)

Алматыда ойыншық тапаншамен дүкен тонап жүрген студенттер ұсталды (фото)
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда балабақша мен дүкендерді тонаған студенттер тергеліп жатыр. Олар ойыншық тапаншамен кассирлерді үркітіп, ақша талап еткен. Одан қалды, дүкендерден азық-түлікті де қолды қылыпты. Күдіктілер қарақшылық шабуылға қас қарая шығып отырған. Қазірдің өзінде тұтқындалған жігіттердің 10-нан астам қылмысқа қатысы бары дәлелденіпті.  

18 бен 20 жас аралығындағы бұл жас жігіттер қаладағы оқу орындарының бірінің студенттері. Күндіз ел қатарлы сабаққа қатысып, білім алатын олар қас қарая қарақшылық шабуылға шығып, елдің құтын қашырған. Күдіктілер бетперде киіп, дүкендерге баса-көктеп кірген. Сөйтіп, ойыншық тапаншамен кассирді үркітіп ақша талап етіпті. Одан қалды, дүкендерден азық-түлікті де қолды қылған.

Құзырлы орган өкілінің қойған сауалдарына ұрылардың бірі ойыншық тапаншаны қайдан алғанын айтып берді.  

«– Қалай қорқыттыңыз?

– Пистолетпен кірдім.

– Ал ол пистолетті қайдан алдыңыз?

– Ол ойыншық пистолет.

– Қайдан алып едіңіз оны?

– Базардан.

– Сонда алдын ала сол мақсатта сатып алдыңыз ба?

– Иә...»

Қарақшылық жасаған бір топ жігіт балабақшаға да ұрлыққа түскен. Олар қаладағы №181 бөбекжайға түнде шабуыл жасап, құны қымбат екі теледидарды үптеп кеткен. Бейнекамералары мен күзет қызметі жұмыс істесе де, қарақшылардан қалай жапа шеккенін балабақша меңгерушісі түсіндіріп бере алмады. Тек күдіктілерге кешірім беретінін жеткізді. Ал қолға түскендердің барлығы өз кінәларын мойындап, мұндай қылмысқа ақшаға мұқтаж болғандықтан барғанын айтып ақталды.

«– Ұрлыққа қандай мақсатпен бардың?

– Ақша керек болды.

– Не үшін, неге керек болды ақша?

– Кредитім болған, соны төлеу керек болды...»

Құзырлы органның мәлімдеуінше, қылмыстық топ мүшелері қала аумағында 10-нан астам дүкенді тонаған. Бірақ бұлардан жапа шегушілер саны әлі де көп болуы мүмкін дейді полицейлер.

«Дүкендерге шабуыл жасаған кезде олардың ішіндегі екеуі дүкенге кіріп, сатып алушымын деген сылтаумен жан-жаққа қарайлаған. Бейнекамераның, күзеттің бар-жоғын тексерген. Содан соң бірнеше минуттан кейін барлығы баса-көктеп кіріп, шабуыл жасаған», – деді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.

Қазір қолға түскен қылмыстық топтың барлық мүшелері тергеліп жатыр. Олардың өзге де қылмыстарға қатысы бары тексерілуде. Айта кетсек, күдіктілердің бірі бұрын да ұрлық жасағаны үшін істі болған.

Айдана Мейрамбайқызы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров