Алматыда 80 жылдан бері шаң басып жатқан құжаттың 80 пайызы жаңаланды. Анығын айтқанда, электронды форматқа көшірілді. Енді бірыңғай базаның арқасында еліміздің кез келген түкпірінен жоғалтып алған құжатыңызды қайта рәсімдей аласыз. Қысқасы, сіз туралы мағлұматтың баяғыдай бояуы өшпейді.
Алматы облысының тумасы Нұрлан Байырбекұлы, алып шаһардың «Көкбазарында» жүріп, Туу туралы куәлігін жоғалтып алған. Аса қажетті құжатты қаладағы кез келген Халыққа қызмет көрсету орталығына барып алуға болатынын білген ол бір жапырақ қағаз үшін ауылға сабылмайтынына қуанышты. Бірыңғай электронды базаға мәліметтің дер кезінде енгізілгені, мәселені шешуге оңтайлы тәсіл екенін алға тартуда.
«Ол өте ыңғайлы екен. ХҚКО-ға барып, арыз жазып, 30 күнде Туу туралы куәлігімді алсам болады. Алматы облысына бармай, уақытымды үнемдеп осы жерден ала алады екенмін», – дейді Нұрлан БАЙЫРБЕКҰЛЫ.
Бұған дейін азаматтардың акт жазбалары осындай кітап түрінде сақталған болса, қазір олардың барлығы сандық форматқа көшірілген. Е-архив серверінде 1937 жылдан бері тіркелген акт жазбалары сақтаулы. Алматы бойынша сканерленген құжаттың саны 2 миллионнан асады.
«Әр азамат өзінің е-gov порталына кірген жағдайда, ЗАГС деген сервистен өзінің акт жазбаларын көріп, мәліметтерін тексеріп, көруге болады. Акт жазбасы Медеу ауданында тіркелген болса, онда азамат ХҚКО немесе АХАТ бөліміне барып, 5 күннің ішінде ала алады. Ал басқа қалада акт жазбасы тіркелсе, онда 30 күннің ішінде ала алады», – деді Алматы қаласы Әділет департаменті бөлімінің басшысы Әлия КАПАЕВА.
Осылайша, Алматыдағы 80 жылдан бері сақталып келген АХАТ бөлімінің мұрағатындағы құжаттың әзірге 80 пайызы сандық форматқа көшірілген. Егер құжатыңыздың қатесіз дұрыс сақталғанына көз жеткізгіңіз келсе, е-gov электронды порталы арқылы кіріп көрсеңіз болады. Ал онда сіз туралы мәліметтің қате жазылғанын байқасаңыз, е-gov арқылы оны өзгертуге өтініш жібере аласыз. Сөйтіп, үш сағаттың ішінде ақпарат қайта жаңалануы тиіс.
Перизат Көмекбайқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы