Жазушылар одағы жанынан поэтикалық театр ашылатын болды

22.12.2018 01:04

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы тарихи еңбектер тізімін жасақтап жатыр. Ол толығымен біткен соң, оны мәдениет және спорт министрлігіне шығару тұрғысында ұсыныс жасамақ.

Сондай-ақ, биыл жүзеге асырылған Әдеби өлкетану жобасын келесі жылдан бастап тарихи әдеби өлкетану жобасы ретінде жалғастыратын болады. Жоба аясында еліміздің түрлі өңірінен тарихи оқиға және ұмыт қалған тұлғалар, аңыздарды жинап, әдебиеттегі көрінісі жасалмақ. Сонымен қатар, жастарға жан-жақты қолдау көрсетілмек.

«Келесі жыл Жастар жылы болуына байланысты, бірқатар жоба ұсындық. Оның бірі және бірегейі, ең алғашқысы – Жазушылар одағы мен «Нұр Отан» партиясы арасындағы меморандумның арқасында «Ұлы дала» премиясын жарияладық. Соған қазір көптеген шығармалар түсіріп жатыр. Бұл да жастарды қолдауға арналған үлкен жоба болмақ», – деді Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ақберен ЕЛГЕЗЕК.

Иран мемлекеті 70-ке жуық қазақ қаламгерлерінің шығармаларын парсы тіліне аудармақ. Аталған шара Еуразиялық әдеби форумда жасалған екіжақты меморандум аясында іске асырылуда. Бұл туралы Қазақстан Жазушылар одағы басқармасында өткен «Ұлы даланың жеті қыры және Қазақ әдебиеті» атты 1-ші Пленумында одақ төрағасы Ұлықбек Есдәулет мәлімдеді. Жиында 9 айда атқарылған жұмысқа есеп беріліп, алдағы уақыттағы жоспар да тілге тиек етілді.

«Сөз патшасы» атты поэзиялық-поэтикалық театр құрып жатырмыз. Бұл Райымбек Сейітметтің арманы болған театр. Көркемдік жетекшісі – Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының режиссері Бейбіт Камаранов. Бұл театр 2019 жылдың басында ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бақыт Беделханның марқұм Әмірхан Балқыбектің рухына бағышталған «Қасқыр Құдай болған кезі» атты поэтикалық драмасымен ашылады. Екі айда бір рет шығарма сахналанатын болады», – деді Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ.