Алматыда алғаш рет ұйымдастырылып отырған «Алатау алабында» атты халықаралық дәстүрлі өнер фестивалі өз мәресіне жетті. Түркі елдерінен жиналған өнерпаздар кеше Абай атындағы опера және балет театрынан бастап, Панфилов, Жібек жолы көшелерін әнге бөлеп, қала тұрғындарының көңілін көтерген болатын. Ал бүгін «Алатау дәстүрлі өнер театрында» түркі халықтары өнер шеберлерінің қатысуымен гала-концерт өтіп жатыр.
Бүгінгі гала концертке жиналғандардың қарасы қалың. Осыдан бір сағат бұрын басталған шарада түркі елдерінен жиналған жыршылар өнер көрсетіп үлгерді. Мұнда түркі халықтарының дәстүрлі әндері мен жырлары, сонымен қатар, күйлері де түрлі аспапта орындалып жатыр. Фестивальдің ерекшелігі – өнерпаздар туындыларды көмеймен айтады. Сондай-ақ, әр елдің жыраулық-жыршылық дәстүрінің мақамдарымен орындауда. Фестивальге қатысушылар да өздерінің алған әсерлерімен бөлісті.
«Алатау алабында» атты фестиваль Қала күніне арнайы өткізіліп отырған шара. Мерекелік концертте Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Солтүстік Кипр, Татарстан, Таулы Алтай, Хакасия және Тыва сынды 11 елден барлығы 16 жыршы өнер көрсетуде. Ұйымдастырушылар фестивальдің түркі елдерін жақындастырып қана қоймай, қазақ даласындағы дәстүрлі өнерді өзге түркі елдеріне кеңінен таныстыруға мүмкіндік беретінін айтады.
Еске салайық, аталған фестиваль елімізде алғаш рет өтті. Шараны «Алатау» дәстүрлі өнер театры мен «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымы бірлесе ұйымдастырған. Мұндай түркі елдерінің дәстүрлі өнерін дүйім жұртқа дәріптейтін шара алдағы уақытта да Алматыда көптеп өткізілмек.
Өмір Әнуарбек, «Алматы» телеарнасы