Арнайы жаттығу залына зәру зағип жандар көпшіліктен көмек сұрады

09.01.2019 01:18

Зағип жандарға жаттықтыру залы қажет! Бұл көз жанары нашар көретін мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өтініші.

Жарыс пен жаттықтыру жұмыстарын өткізу үшін жарымжан жандардың өздері ғимарат іздеп әлекке түседі екен. Кезекті өткен жарысқа да жанталасып өздері жүгіріпті. Бұл жолы олармен бірге голбол ойынын спортшылар мен блогерлер ойнады. Ал еріктілер тобы қайырымды жандардың бей-жай қалмауын өтінді. Өйткені, дәл осы ойын түрінен республика бойынша 60 адам паралимпиадалық сайыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленуде.

Бүгінде еліміздің 9 облысында голбол ойынын дамытуда турнирлер жиі ұйымдастырылуда. Ал әлемдік деңгейде топ жару үшін аптасына жүргізіліп жатқан жаттығу шарасы аздық екенін ашық айтты спорт жанашырлары.

«Спорт залы жетіспейді. Біз үш жыл бойынша барлық жерге барып, «Бір сағатқа спорт зал беріңіздерші» деп сұраумен келеміз. Арнайы оқу орындарында ондай зал жоқ. Мынадай жеке залдар ақша сұрайды. Біз мүгедек болған соң, ақшамыз да жоқ. Енді ғана ашылған федерациямыз. Сондықтан қатты қиналып жатырмыз», – деді Голбол спорт федерациясының директоры Мүсірет ЕЛІБАҚИЕВ.

«Бұл кісілер тек жаттығып қана қоймай, еліміздің намысын қорғап жүр. Сонымен қатар, бапкер де бола алады. Өсіп келе жатқан көру мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдерге үлгі бола алады. Олардың пессимистік көзқарастарын өзгертіп, өмірді сүюге үйретеді», – дейді ерікті Динара САПАКОВА.