Астана Халықаралық Қаржы орталығына бүгінге дейін 80 компания тіркелген. Шілде айында есігін ашқан алаңда осы күні әлемге танымал Қытай Даму банкі мен Ислам қаржы ұйымдары және Бахрейн банктері жұмыс істеп жатыр. Жыл соңына дейін алып ортаға отандық мамандар түрлі елден 100-ден артық өкілдіктерді тартуға ниетті. Ал шетелдіктермен іс жүргізетін – отандық қаржыгерлер. Инвестиция тарту үшін құрылған орталықтың қазіргі ахуалы қалай? Осы мәселеге қатысты «Үздіксіз кәсіби даму бюросының» басшысы Нұрсұлтан СЕРІКБАЙДЫ әңгімеге тартқан едік.
– Нұрсұлтан Бейбітұлы, Елбасы шілде айында «Астана» халықаралық қаржы орталығын» ресми түрде ашты. Сол уақыттан бері орталықта қандай өзгерістер бар?
– «Астана» халықаралық қаржы орталығы осы шілдеде ресми ашылуы болғанынына қарамастан, өз жұмысын қаңтар айында-ақ бастап кеткен болатын. Осы уақытта айтарлықтай нәтижеге жеттік. Үлкен жеңістер де болды. Халықаралық құнды қағаздардың комиссия мүшесі болып қабылдандық. Бұл комиссия халықаралық 95 пайыз реттеушілерді реттейді. Осы он айдың ішінде біз көптеген шетелдік ұйымдармен жұмыс өткізіп, меморандумға қол қойдық. Үлкен жұмыс бахрейндік банкпен өтіп жатыр. Қытайдың Орталық банкімен биржамызды құрдық. «Астана» халықаралық биржасы құрылды. Соның ішінде, акционер болып «Голдман Сакс» ең үздік инвестициондық акционер болды. Шетелдіктер біздерге тәжірибесін береді. Өйткені, біз осы орталықты құрған кезде Дубай, Сингапур, Гонконг деген қаржы орталықтарын қарап, осы «Астана» орталығын құрдық. Ең бастысы – тәжірибе. Екіншісі, Қазақстанға келетін инвестициялар.
– Қаржымен жұмыс істейтін алаңда бұған дейін 55 шетелдік компанияның тіркелгені туралы ақпарат шыққан болатын. Жыл соңына қарай компаниялар саны артты ма?
– Қазіргі уақытта бізге сексеннен астам компания тіркелді. Жылдың аяғына дейін компанияның саны жүзге жетеді. Ал 2019 жылы 250 компания келеді деп отырмыз. 2020 жылдың аяғына дейін «Астана» халықаралық қаржы орталығында 500 компания жұмыс істейді деген жоспар бар. Ең ірісі – Қытайдың Даму банкісі, Ислам қаржы ұйымдары еніп жатыр. Қазіргі кезде екі банк және қаржы институты кіруде.
– Нұрсұлтан Бейбітұлы, бізді мамандар жайы мазалайды. Қанша отандық жұмыскерлер тартылған? Жастарға орталықта сенім қандай?
– Қазіргі таңда жүзден астам адам жұмыс істейді. Оның 90-95 пайызы қазақстандық азаматтар. Біз өзге де қаржы орталықтарын қарадық. Көбісі, мысалы, Дубай шетелдік мамандарды жұмысқа алады. Біздің жолымыз басқа. Біз өзіміздің азаматтарымызды оқытып, халықаралық деңгейге жеткізуді мақсат көреміз. Біз Қазақстанның болашағына өте қатты сенеміз. Сол біліктілікті арттыру үшін осы «Үздіксіз кәсіби даму бюросын» құрдық. Мақсатымыз – қазақстандық мамандарды дайындау. 2021 жылдың соңына дейін біз бес мың отандық жұмыскерлерді дайындауды жоспарлар отырмыз. Бүгінгі күні 700-ден астам маман біліктілік курсынан өтті. Тіркеліп жатқан компаниялар бар. Олардың көбісі өзге елден. Оларға бізде істейтін мамандар керек. Осы компаниялар біздің тараптан үнемі мамандар сұрайды. Сол кезде біз осы 700 адамның қызметін ұсынамыз. Олар содан соң өздері таңдайды.
– «Астана» халықаралық қаржы орталығының алдағы жоспары қандай?
– Жыл сайын халықаралық қаржы орталықтарының индекс рейтингі шығып отырады. Соның ішінде біз 61-ші орындамыз. Осы рейтингте үздік 20-ға енсек деймі. Келесі он-он бес жылда Қазақстанға 40 миллиард доллар инвестиция тартуды көздеп отырмыз.
– Нұрсұлтан Бейбітұлы, сұхбатыңызға рақмет!
Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана