Жасөспірім қыздардың жасанды түсік жасауына рұқсат беретін ұсыныс заңға енуі мүмкін бе – сараптама

01.12.2018 02:52

«Төлқұжат алдым, енді таңдау еркім бар». Еліміздің Денсаулық сақтау министрі жақында жаңа заң жобасын ұсынбақ. Құжатта 16 жасқа толған қазақстандықтар ересектер секілді медициналық көмек пен қажетті кеңестер ала алады. Қоғам арасында қызу талқыға түскен тұсы – бойжеткеннің ата-анасының рұқсатынсыз жасанды түсік жасай алуында. Қазақстандықтардың дені осы үшін қарсылық танытып жатыр. Бірі келешек ана бола алмай қалады десе, келесісі қазақы түсінікке жат дегенді алға тартуда. Алайда,  халықтың наразылығын тудырған бұл мәселе заңды түрде шешімін тапса, клиникалар осы арқылы пайда табамыз деп саңырауқұлақтай көбейіп кетпей ме?

Бұл әзірге ұсыныс ретінде ғана қалып отыр. Бірақ дәрігерлердің айтуынша, бұл әлемде бар тәжірибе екен және жеке куәлікті алған әрбір қазақстандық ересектер секілді, яғни жауапты адамдардың қатысуынсыз медициналық кеңес ала алады. Ал жасанды түсік жасайтын клиникалардың көбейіп кетуі мүмкін деген пікір әзірге болжам күйінде қалып отыр. Ресми мәліметтер бойынша жасөспірімдердің ерте жүкті болуы жыл санап азайып келе жатыр. Алайда, қазіргі көрсеткіштің өзі қорқынышты. Бір ғана мысалы, былтыр түсік жасауға қатысты 3,5 мың дерек тіркелген.  

«Түсік жасатқандардың арасында жасөспірімдер үлесі аз. Шамамен, 1 мыңға жуық дерек тіркелген делінгенмен, ол нақты емес. Өйткені, біз тек мемлекеттік мекемелердің ресми мәліметтеріне сүйенеміз. Егер 2015 жылы 1000 жасанды түсік, 2016 жылы – 1400, 2017 жылы – 1200 әйел жасанды түсік жасатқан. Ал жекеменшік клиникаларда жасалатын шаралардан ресми мәлімет ала алмаймыз», – деді ҚР ДСМ Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының директоры Динара МЫРЗАХМЕТОВА.

Міне, ресми деген мәліметтің өзі тек мемлекеттік мекемелердің бергені ғана. Ал жасанды түсік жасататын қыздардың жасырынып жекеменшік клиникаларға жүгінетіні бесенеден белгілі нарсе. Еліміздегі бойжеткендердің 30 пайызы жыныстық қатынасқа 15 жасынан бастап түсетін көрінеді. Оның арты да түрлі кеселдерге: яғни түрлі инфекцияға, созылмалы аурулар мен мезгілсіз жүктілікке алып келуі бек мүмкін. Жауапты министрлік ұсынылған заңның көлеңкелі жағын көп ойласа, кейбір сарапшылар керісінше, осы жастағы бойжеткендер тағдыршешті шешімді өзінше қабылдауға мүмкіндік береді дейді.  

«Қазір балалар гинекологтың қабылдауына ата-анасымен немесе қамқоршысымен келуі тиіс. Бұл жағдайда құпиялылық сақталмайды. Балалар ата-анасынан қорқатыны жасырын емес. Сол себепті, еліміздің осындай ұсынысты заң ретінде қабылдауы керек деп есептеймін. Бірақ таяқтың екі ұшы бар екенін ескеруіміз қажет. Яғни, бойжеткендерге медициналық ақыл-кеңес беретін немесе операция жасайтын тарап жауапкершілік танытуы керек», – деді Қазақстан дағдарыс орталығы кеңесінің жетекшісі Зульфия БАЙСАҚОВА.

Десек те, жеке клиникалардың жұмысын ашық деп айту қиынырақ. Бірақ түсік жасатпай-ақ, жүктілікті түрлі препараттар арқылы да тоқтататын жағдайлар бар. Алайда, ондай дәрілер туралы нақты ақпарат жазылмағандықтан, оларды қолданудың өзі денсаулыққа қаншалықты әсерін тигізетіні беймәлім. Тіпті, өзге дертке тап болуы да ғажап емес дейді дәрігерлер. Өкініштісі, ондай препараттар дәріханаларда ешқандай рецептісіз сатылады.  

«Барлық препараттардың әсері өте күшті болады. Олар түсік жасатып қана қоймай, ағзаның басқа да мүшелеріне кері әсерін тигізуі мүмкін. Оның үстіне, олар ашық сатылмауы тиіс. Дәріханалардың өзінде тек қана дәрігердің жолдамасымен берілуі қажет», – дейді ҚР ДСМ Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы директорының орынбасары Айгүл ТЕРЛІКБАЕВА.  

Жалпы, 15-16 жастағы қызды бойжеткен деп айта аламыз ба? Өмірді енді тани бастаған оларға кім жауапты? Көпбалалы ана Жанна Ким бұл жаста олар үшін шешімді өзгелер қабалдамау қажет деген пікірде. Жаннаның 10 баласы болса, оның жетеуін асырап алған. Арасында 15 жасқа толғаны да бар. Тәжірибелі ана қазақ отбасылары балаларын өзгемен салыстырып, сынап-мінеп өсіреді дейді. Оның үстіне жыныстық қатынас туралы мүлдем сөз қозғалмайды екен. Сол себепті, бұл мәселе медициналық жағынан гөрі отбасылық мәселеге көбірек қатысты дейді.  

«Әрбір қазақстандық өзі үшін ненің қауіпті, қорқынышты екенін білуі қажет. Елімізде бала сүйе алмай жүрген отбасылар қаншама?! Маған келетін жұптардың дені бала асырап алғысы келеді. Әрбір екінші келуші, өкінішке қарай, бедеу. Ал әрбір үшіншісі түсік жасатуы салдарынан дертке шалдыққан. Енді өзіңіз елестетіп қараңыз. 16 жастағы қыз саналы түрде жалғыз өзі шешім қабылдаса, не болады? Мұны қатігездік деп есептеймін», – деді асырап алушы ата-аналар клубының негізін қалаушы Жанна КИМ.

Жасанды түсік жасатуды заңдастыруды отбасы институттары қолдауы мүмкін. Бірақ не үшін? Шындап келгенде сәтсіз операция бойжеткеннің бүкіл болашағына балта шабуы мүмкін екені қаншалықты ескеріліп жатыр?  Дәрігерлердің өзі жасанды түсік жасатқан қыздардың 25 пайызы бала сүйе алмайды деп отыр.  

«Менің ойымша, әрбір әйел сүю үшін, сүйікті болу үшін, бала сүю үшін, бала тәрбиелеу үшін жаралған. Сол себепті, жастық шақтағы қателігі үшін өкінуі заңды құбылыс. Әсіресе бала сүйгісі келіп, бірақ оның арман болып қалуы – әйел адам үшін ең ауыр нәрсе», – дейді Айгүл ТЕРЛІКБАЕВА.

Бұл жағдайда әрбір дәрігер алдымен өзі үшін қорқады. Мысалы, жасанды түсік жасаған адамда кейін қабыну болып, арты қайғылы жағдайға әкеп соқса, алдымен дәрігерлер кінәлі болып шығады дейді ақ халаттылар. Ал халық қалаулылары мұны қоғам болып шешу керек дегенді алға тартуда.

«Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы менің ойымша, жан-жақты талқылауды талап етеді. Түрлі көзқарастар ескерілуі қажет. Өйткені, түптеп келгенде, барлығы бойжеткеннің репродуктивті денсаулығына қатысты болып отыр. Егер жасырын түсік жасатып, оның арты дауға ұласып жатса, оны заңды түрде бекітсек, осы мәселелерге жол беріп қоямыз. Сол себепті бұған аса жауапкершілікпен қарауға тиіспіз», – деді ҚР Парламенті сенатының депутаты Дариға НАЗАРБАЕВА.  

Дегенмен, қазір тек ұсыныс ретінде қаралып жатқан бастама нәтижесі ашық қоғамның талқысынан өткеннен кейін белгілі болмақ. Ал жауаптылар мұны бірнеше жылдан бері қозғап келеміз деп отыр.


Азамат Әуезхан, «Алматы» телеарнасы