Қазақстандықтардың еуроны көптеп сатып алуының себебі неде – сарапшы пікірі

17.10.2018 01:57

Қазақстанда еуроға деген сұраныс күрт артқан. Жаздың соңғы айында ақша айырбастау пункттеріндегі еуроның таза сатылым көлемі 72 млрд 3 млн теңгеге жетіпті. ranking.kz. порталының хабарлауынша, бұл шілде айындағы көрсеткішпен салыстырғанда 40 пайызға көп. Қазақстандықтардың еуроны көптеп сатып алуларына не себеп? Бұл сұраққа жауап алу үшін біз белгілі экономист Мақсат Халықты сөзге тартқан едік.

– Мақсат мырза, еуроға деген сұраныстың күрт артуын немен байланыстыруға болады?

– Расымен де бұл мәселеге қатысты өз ойымды айтатын болсам, соңғы уақытта еуроға да сұраныстың артқанын байқаймыз. Оның негізгі себебі, әрине, доллар тұрақсыздығы дейтіндер көп. Бірақ, ол негізгі себеп емес. Ең негізгі себеп – азаматтардың, халықтың белгілі бір дәрежеде өздерінің жинақтарын сақтап және оны ұлғайтудың амалы болып отыр. Ал енді екінші мәселе – неге долларға емес, еуроға сұраныс артты дейтін болсақ, доллар туралы қазір әлемде әртүрлі пікір айтылып жатыр. Тіпті, АҚШ-тың өзінің Нобель сыйлығының иегері болып отырған Джозеф Стиглиц сияқты азаматтар доллардың ұзаққа созылмай, құрдымға кетуі мүмкін деген болжам жасады. Сондықтан белгілі дәрежеде сақтанудың амалы ретінде көптеген инвесторлар өз қаражаттарын бөліп-бөліп, доллар, еуро және юань сияқты әр түрлі валютада сақтауды көздеуде. Әйтеуір, басқа елдің валюталарына бөлу арқылы өзінің жинағын сақтаудың бір амалы деп айтсам қателеспеспін.

– Түсінікті, ал еуроға сұраныстың артуы долларға қандай да бір әсерін тигізуі мүмкін бе? Қалай ойлайсыз?  

– Алдағы уақытта еуроға деген сұраныс өзінің күшін жалғастыра беретін болса халық арасында, инвесторлар арасында еуроға деген сұраныс артатын болса, онда елімізде белгілі бір дәрежеде долларға деген сұраныстың әлсіреуіне және аз да болса оның бағасының түсуіне септігін тигізеді деп айта аламын. Ал енді әлем елдеріне қарайтын болсақ, қазір әлем елдерінің өзінде дедолларизация саясаты жүріп жатыр. Ресейде соңғы кездері өзінің сыртқы елдермен сауда қарым-қатынастарын көрші елдердің валюталарымен немесе өздерінің рублімен жасауды қолға алып отыр. Қытай да осындай саясатты қолданып келе жатыр. Соңғы уақытта Түркияның өзі де доллардан түбегейлі бас тартамыз деп жүр. Осы жағдайлардың барлығы әлемде тұрақсыздықтың белгілі бір дәрежеде орын алып келе жатқанын байқатады. Сондықтан көптеген елдің долллардан біртіндеп бас тартып жатқанын көргеннен кейін, сондай-ақ, альтернативті түрде әлемнің басқа да резервті валюталарындағы өз қорларын арттыру мақсатында, көпшілік еуроға деген сұраныстың артып кетуіне себепші болып отыр.

– Мақсат мырза, уақытыңызды бөліп, сұрақтарымызға тұшымды жауап бергеніңізге рахмет!  


Тоғжан Жалғасбекқызы, «Алматы» телеарнасы