Ойын автоматтарын қойған дүкен иелері қылмыстық жауапқа тартылатын болды

04.10.2018 02:23

Бұдан былай дүкен иелері ойын автоматтарын қойғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Енді құмар ойын ойнауға мүмкіндік бергендер 5 миллион теңгеге жуық айыппұл төлеуі мүмкін. Тіпті мүлкі тәркіленіп, 2 жылға бас бостандығынан айырылуы да ғажап емес.

Айта кетейік, Алматыда жыл басынан бері заңсыз ойын бизнесін дөңгелеткен үш қылмыстық топ құрықталды. Сондай-ақ, жалпы көлемі 400 ойын қондырылған компьютерлер мен 40 автоматтың көзі жойылды. Сонымен қатар, 29 ойын залы жабылып, айналымдағы 3 миллионнан астам қаржы тәркіленді. Қазіргі таңда аталған істер қаралып, Алмалы аудандық сотына жіберілген.  

«Ұсталған 3 қылмыстық топ ойын бизнесінде кәсіп ашқан. 24 қылмыстық құқықбұзушылық тіркеліп, Қылмыстық кодекстің 307-ші бабы бойынша іс қозғалды. Сонымен қатар, жыл басынан бері 4 заңсыз жұмыс істеген казино анықталды. Электронды ойын терминалдарын 70 нүктеге қою бойынша 6 дерек анықталды. Олар әсіресе адамдар көп жиналатын дүкен мен сауда кешендерінде қойылған. Айта кету керек, 31 заңсыз ойын орталықтарының жұмысы тоқтатылды», – деді

Алматы қаласы Мемлекеттік кірістер департаменті Экономикалық зерттеу қызметінің бас тергеушісі Гүлмира МАХТАЕВА.

Сондай-ақ, мамандар лотерея атын жамылып қызмет көрсететін мекемелерді де тінтіп шыққан. Нәтижесінде, жыл басынан бері 183 электронды лотерея терминалдарының көзі жойылды. Айналымнан 23 мың АҚШ доллары және 6 миллион 505 мың теңге шығарылды. Онымен қоса, құмар ойын ойнауға қажетті карта, фишка және үстелдер тәркіленді. Мамандар заңсыз ойын бизнесімен күресті ары қарай да жалғастыра бермек.