Дайын тұрғын үйлер пайдалануға берілмей келеді. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Үкіметте «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысын сынға алды. Жеңіс Қасымбек басқаратын Инвестициялар және даму министрлігі жеке шаршы метрді 2017 жылмен салыстырғанда 10 пайызға артық тапсырса да, сөз естіді. Премьер-министр облыс әкімдеріне де өз ескертуін айтты.
Биыл тоғыз айда Инвестициялар және даму министрлігі «Нұрлы жер» аясында 8 млн 800 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға берген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 11,6% жоғары. Шапағатын 77 мыңнан астам отбасы көріпті. Оның ішінде, 9,5 мыңға жуық отбасы мемлекеттік қаржы есебінен салынған баспанаға қол жеткізген. Үй құрылысына салынған инвестиция 2017 жылдан бері бірден 31,5 пайызға артқан. Бұл – 818,9 миллиард теңге.
«2018 жылы мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға республикалық бюджеттен 148,6 миллиард теңге бөлінген. Қаржыландырудың негізгі бөлігі – 69,4 миллиард теңгесі құрылыс салынатын аудандарға инженерлік коммуникация тартуға қарастырылған. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдарға жалға берілетін тұрғын үй салу үшін 26,9 млрд теңге, «Қазақстан Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ салымшыларын несиелендіруге 24 млрд теңге, Астана қаласындағы апатты жағдайдағы үйлерді жою бойынша пилоттық жобаға 20 млрд теңге көзделген», – деді ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс ҚАСЫМБЕК.
Министрдің жауабы толық болғанымен, Бақытжан Сағынтаев жұмыста олқылық бар екенін меңзеді. Біріншісі, бағдарламаға бөлінген қаржы жыл соңына дейін екі ай қалғанда толық игерілмей отыр. Премьер бұл жағдайды реттеу үшін министрліктен бөлек, жергілікті органдардың атсалысуын тапсырды. Екінші мәселе – инфрақұрылым мен аббаттандыру. Көздеген межеге, яғни 12 миллионнан артық шаршы метрді тапсыруға Қарағанды, Өскемен, Орал, Семей сынды қалалардағы құрылысы біткен, бірақ инфрақұрылымы жасалмай, әлі аббаттандыру жұмысының толық аяқталмағаны кедергі екен.
«Бұған баса назар аудару қажет. Жеке тұрғын үй бойынша биыл 40 мыңнан астам жер учаскесі инфрақұрылыммен қамтылуы тиіс. Алайда, 9 айдың қорытындысы бойынша тиісті жер телімдерінің 40%-ы ғана қамтамасыз етілген. Әкімдер жыл соңында белгіленген межеге жетеміз деп отыр. Мұны қатаң бақылауға алу керек», – деді ҚР премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Жеңіс Қасымбек жиыннан кейін бағасы қолжетімді әуе тасымалымен айналысатын компания жайлы айтты. Оның сөзіне сенсек, ұшу билеті арзан ұшақтар өз жұмысын «Эйр Астана» компаниясының аясында іске асырады. Мысалы, Астанадан Алматыға ұшақпен жету қазір 34 мың теңге болса, жаңа ұшақ бағасы екі есе арзан болмақ. Барлық рейстер келесі жылдың ортасында әуеге көтеріледі екен.
Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана