Назарбаев ел бизнесмендерін жетімдерге қамқор болуға шақырды

29.11.2018 02:30

Қазақстанда балалар үйі болмауы тиіс. Астанада өтіп жатқан Азаматтық форум барысында Елбасы дәл осылай деді. Бұл ретте Мемлекет басшысы ел бизнесмендерін жетімдерге қамқор болуға шақырды. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев қалталы кәсіпкерлердің адамдарға қол ұшын беретін үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсетудің тетіктерін ойластыру қажеттілігін баса айтты.

Бүгінгі Азаматтық форум билік пен қоғам арасындағы шекараны барынша ашқан сыңайлы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы ерекше рөлін айтып өтті. Анықталғандай, қазір қоғамның барлық маңызды салаларында 22 мыңнан астам осындай ұйым жұмыс істеуде. 2003 жылы үкіметтік емес ұйымдардың саны 5 мыңның шамасында болған. Бұл саланы қаржыландыру да біршама артқан екен. Бастапқыда 11 миллион теңге болса, қазір бұл сома 20 миллиард теңгені құрап отыр. Мемлекет басшысы оларды әлеуметтік саясатты жүзеге асыруда барлық негізгі бағыттарына тарту керек дегенді жеткізді. Мәселен, Президент Үкіметке цифрландыру аясында  үкіметтік емес ұйымдардың электронды реестрі құруды тапсырды. Бұл аталған салаға құйылған қаражаттың қалай және қайда, яғни қандай жобаларға бағытталғанын көрсетіп, ашықтықты көрсетеді.

«Бір қарағанда тосын дүниедей көрінеді. Мемлекеттік қызметтерді үкіметтік емес секторға беру қалай болмақ? Мемлекет өз ісі үшін халық алдында есеп береді, ал ҮЕҰ-лар кімнің алдында жауап береді? Дегенмен, бұл бағытта мәселен, экология, әлеуметтік жұмыстар, балалардың құқықтарын қорғау және басқа да салалардағы жобаларды жүзеге асыруға болар еді», – деді Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Азаматтық форумда әлеуметтік бизнестің қазіргі ахуалы талқыланды. Бүгінде бұл салада көптеген қандастарымыз жұмыс істеп жатыр. Олар өздерінің ғана емес, отандастарымыздың да екі қолға бір күрек табуына көмектесуде. Солардың бірі – Шахан Жолдаспаев. Осыдан 11 жыл бұрын ол жол көлік апатына түскен. Алған жарақатына байланысты арбаға таңылған. Айтуынша, оның сауығып, қоғамға бейімделуіне үкіметтік емес ұйымдар сеп болған. Бүгінде Шахан Жолдаспаев өз кәсібін ашып, өзі сияқтылар үшін жайлы жағдай жасауға тырысып бағуда.  

«Мен мемлекеттік тапсырыстарға қарап отырмаймын. Бизнеспен айналысамын. Әлеуметтік кәсіпкерліктің бизнестен айырмашылығы – біз ең алдымен, пайда табуды емес, қойған мақсаттарымызға жетуді діттейміз. Мәселен, мен арбаға енді таңылғанда кәдімгі дәріханаға кіре алмайтынмын. Бір нысанға кіргізу үшін мені үш адам көтеруі керек еді. Сол үшін пандустар жасай бастадық. Кейін мүмкіндігі шектеулі жандар үшін шағын лифттер құрастыра бастадық», – дейді әлеуметтік кәсіпкер Шахан ЖОЛДАСПАЕВ.  

Мемлекет басшысы сондай-ақ, «iKOMEK» мониторинг және жедел әрекет ету орталығын айтты. Америка құрама штаттарының тәжірибесіне негізделіп құрылған бұл жүйе бүгін астаналықтардың мәселелерін шешуде. Күніне 5 мың қоңырау келіп түседі екен. Сұрақтардың дені – қоғамдық көлік, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласына қатысты.

«Оңтүстік Корея, АҚШ, Біріккен Араб әмірліктері, Жапонияның тәжірибелерін қарап талдадық. Ең жақсы жүйелісі АҚШ-та деген тұжырым жасадық. Бұл елде 1968 жылы 911 қызметі құрылыпты. Біз өз елімізге, менталитетімізге сай етіп бейімдедік. Адамдарды бірыңғай база бойынша оқыттық. Бір қызметкер барлық сала бойынша қойылған сауалға жауап бере алады. Мәселен, жарық өшіп қалса, маман қай жерде апат орын алғанын, жарық қашан берілетінін айтып түсіндіреді. Дәл осы маман қоғамдық көлік бойынша жолданған сұраққа да жауап бере алады», – деді «iKOMEK» қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығының жетекшісі Жәннат ДУБИРОВА.    

Аталған жоба пилоттық негізде әзірге Астанада ғана жұмыс істеп жатыр екен. Мемлекет басшысы оның тәжірибесін өзге өңірлерге де енгізіп, қолдануды тапсырды.

Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана