2019 жылы Алматының келбеті қалай өзгереді – сұхбат

29.12.2018 02:50

Биыл Алматыда Абай, Абылай хан, Назарбаев, Достық, Желтоқсан даңғылдары, Абай алаңы мен «Алматы-2» теміржол вокзалының алды жаңа кейіпке енді. Ал келесі жылы қалада қандай көшелердің келбеті өзгереді? Алдағы уақытқа жоспар қандай? Бұл сұрақтардың жауабын Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Алмасхан АХМЕДЖАНОВ айтып бермек.

– Алмасхан Тілеуханұлы, Алматы соңғы уақытта түрленіп келе жатыр. Оң өзгерістер әлбетте, шаһар жұртшылығының көңілінен шығып, қуаныш сыйлауда. Жалпы, биылдыққа қандай жұмыстар атқарылды? Қысқаша айтып өтсеңіз.

– Биыл қаламызда Назарбаев, Абай көшелері, сонымен қатар, адам көп жүретін жерлер, сондай-ақ, Республика сарайының алдындағы алаң, шағын көшелер жөндеуден өтіп, жаяу жүргіншілерге ыңғайлы етіп жасалды. Абылай хан көшесі, «Алматы-2» теміржол вокзалы да жөндеуден өтті. Жалпы, қала бойынша көп жұмыс атқарылды. Біз қаланың бүкіл көшелерін жаңартып шықсақ дейміз. Алматы қаласының әкімдігінің бастамасына қолдау білдірген жеке кәсіпкерлер де өздерінің ғимараттарын жаңартуға кірісті. Қазір шаһар көшелерінің бәріне жаңа көше шамдары орнатылып, көркея түсуде.

– Қаланы қайта жаңғыртуға жауапты ретінде биыл атқарылған жұмыстарға көңіліңіз толды ма? Халықтың жалпы пікірі қандай?

– Халық әрине, өз ризашылығын білдіріп жатыр. Өйткені, біз тек көліктерге ғана емес, жаяу жүргіншілерге де арналған қолайлы, ыңғайлы көшелер жасап жатырмыз. Қала күннен күнге өсіп, қанат жайып келеді. Қазір көптеген кәсіпкерлер түрлі бизнес орындарын ашып, қарапайым халыққа көптеп жұмыс орындарын ашып беріп жатыр. Біз өз тарапымыздан оларға барынша қолдау көрсетіп жатырмыз.

– Ал 2019 жылы қандай көшелер жаңғыратын болады? Менің білуімше, Жібек жолы, Байсейітов көшелері өзгереді?

– Барлық көшені Панфилов көшесі тәрізді етіп жасағымыз-ақ келеді. Біз жолдарды қаншалықты кеңейтсек, көліктер де соншалықты көбейіп жатыр. Қазір сол көліктер санын азайту үшін жолдарды қысқартып, адам жүретін жерлерді кеңейтеміз. Неге мұндай саясатты қолданып отырмыз дейсіз ғой? Себебі, қала ең алдымен, адамдар тұратын жер ғой. Бізде адамдардың жаяу жүруіне жағдай жасалу керек. Шындығында, көліктің көптігі қаланың бар сұлулығына көмескі түсіріп тұрғандай. Келесі жылға Төле би көшесін, Панфилов көшесі мен Қалдаяқов көшесін ұзартуды жоспарлап отырмыз. Достық даңғылы Құрмағазыдан 28 панфиловшылар бағына дейін ұзаруы мүмкін. Сондай-ақ, Жібек жолы көшесін Сейфуллин даңғылына дейін ұзартсақ дейміз. Байсейітова көшесін де Қабанбай батырдан Төле биге дейін ұзарту жоспарда бар.

– Сұхбат бергеніңіз үшін алғысымыз шексіз.


Жадыра Омаржан, «Алматы» телеарнасы