Алматыда қысқы сырғанақ маусымы ашылды. Ашық аспан астындағы алғашқы мұз айдыны «Атакент» көрмесінің алдына жасалды. Бұл қала ішінде жасалатын мұз алаңдардың көлемі жағынан ең үлкені болмақ.
Мұз айдынының ашылуына жиналған халық санында есеп жоқ. Ерекше мерекелік атмосфераға бөленген мұз айдынындағы жанға жайлы жарық пен жағымды әуен жан жадыратады.
Айта кетсек, сырғанау орны көптеп турист тартқан, халықты тамсандырған атақты алып тиіннің жанында ашылды. Қаладағы ірі мұз айдынының бірі саналатын бұл жердің аумағы 1600 шаршы метр. Бір айда 8 мың келушіге қызмет ете алады. Ал сырғанау алаңы аптаның жеті күнінде, оған қоса, тәулік бойы жұмыс істейді. Егер өз конькиіңіз болса, қалаған уақытыңызда осы жерге келіп сырғанай аласыз. Конькиі жоқтар үшін жалға беру пункті жұмыс істейді. Ол таңғы сағат 10:00-ден түнгі 23:00-ге дейін жұмыс істейді. Конькиді екі сағатқа жалға алу құны бар болғаны, 800 теңгені құрайды.
Биыл қалада әуесқойлар үшін ашық аспан астында жалпы 6 сырғанақ ашылады. Екеуі Бостандық ауданында, енді бірі Тұңғыш Президент саябағы алдында салынады. Қалғаны Медеу, Түрксіб, Алмалы және Әуезов аудандарында ашылмақ.
Еске сала кетейік, былтыр 8 мұз айдын ашылған. Дегенмен, олар көлемі жағынан шағындау болыпты. Былтыр жарты миллионнан астам адам сырғанау алаңдарына барған. Ал мұз айдынын жасаған мердігер компания мұздың өте сапалы екенін айтады. Заманауи үлгіде жасалғандықтан, ауа-райының күрт құбылуы да әсер етпейді.
«Мұз айдыны еуропалық ерекше технологиямен жасалған. Сапасы өте жақсы. Мұзды тазалап тұру үшін күніне 5 рет үзіліс болады. 2500 жұп жаңа коньки сатып алдық», – деді мердігер компанияның директоры Мұхамеджан ӨСЕР.
Мұз айдындары наурыз айының ортасына дейін ашық болады. Мұзды қалыпты жағдайда ұстауға мамандар жауапты болмақ. Айтпақшы, коньки тебе алмасаңыз да бұл жерге ұялмай келе беруге әбден болады. Өйткені, мұнда қос кәсіби жаттықтырушы бар. Бір сабақтан кейін-ақ конькиге нық тұрып, еркін сырғанап кете аласыз. Дегенмен, жақсыны мың естігеннен, бір көрген артық!
Жадыра Омаржан, «Алматы» телеарнасы