Былтыр Алматыда 2 тікұшақ, бірнеше қымбат автокөлік, 600 млн теңге қаржы тәркіленген

12.01.2019 03:12

Алматының сот орындаушылары азаматтардан 2018 жылы екі тікұшақ пен премиум класындағы бірнеше автокөлік және 600 млн теңгеден астам қаржы тәркілеген. Бұл туралы қалалық Әділет департаментінің өкілдері хабарлады. Тәркіленген мүліктер туралы толық ақпарат беру үшін Алматы қаласы Әділет департаменті мүліктік емес бөлімінің аға сот орындаушысы Мейіржан ТӘҢКІБАЕВТЫ сөзге тартқан едік.

– Мейіржан Мейірханұлы, өткен жылы Алматыда мемлекет пайдасына өндірілген мүліктің көлемі қандай?

– 2018 жылы Әділет департаментінің сот орындаушыларымен 15 жылжымайтын мүлік, оның ішінде үйлер, пәтер және паркингтер тәркіленді. Жылжымайтын мүліктен 25-тен аса мүлік тәркіленді. Оларды да айта кетсем, 2 тікұшақ, Toyota Land Cruiser, Toyota Land Cruiser Prado, Lexus автокөліктері тәркіленді.

– Ал ол мүліктерді тәркілеуді сот орындаушылары қалай жүзеге асырады?

– Соттың шешімі күшіне енгеннен кейін атқару парағы Әділет департаментіне мәжбүрлі орындауға түседі. Сот орындаушы ол мүліктердің орындарын анықтап, анықтағаннан кейін Алматы қаласы Кірістер департаментіне жылжымалы мүлікті береді, жылжымайтын мүлікті Қаржы басқармасына береді. Және айта кететін тағы бір мәселе, 2018 жылы 600 миллионнан аса ақша тәркіленіп, мемлекет пайдасына өндірілді.

– Жауабыңызға рахмет!


Тоғжан Жалғасбекқызы, «Алматы» телеарнасы