Биыл жазда «7-20-25» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы енгізілді. Осыған байланысты күзде құрылыс нарығына қан жүгіріп, сұраныс пен бағаның артуы болжанған еді. Бағдарлама іске қосылғалы бері республикада 20 миллиард теңгеден астам қаражатты құрайтын 1700-ге жуық өтінім мақұлданыпты.
Әлбетте, ысырапшыл болудың қажеті жоқ. Үнемдеу арқылы әркім өз болашағына кепілдік бере алады.
Күз маусымында жылжымайтын мүлік нарығында қауырт шақ басталары сөзсіз. Бірақ сарапшылар мұны тек маусымдық өзгеріс деп санайды. Шаршы метрлерін армандап жүргендер елімізде енгізіліп жатқан түрлі бағдарламалардың да игілігін ұтымды пайдалып қалғаны абзал. Олар қандай бағдарламалар және бір-бірінен айырмашылығы неде? Ең алдымен «7-20-25» президенттік тұрғын үй бағдарламасына тоқталсақ. Жылына жеті пайыздық мөлшерлемемен 25 жылға несие рәсімдей аласыз. Ол үшін бастапқы төлемнің 20 пайызын жинасаңыз болғаны. Сарапшылар мұны құрылыс нарығына, берілетін үйдің сапасына оң әсерін тигізіп, баспаналы болуға мүмкіндік беретін бағдарлама дейді.
«Қазір Қазақстандағы құрылыс индустриясын және ипотекалық кредитті дамыту мақсатында мемлекеттік 7-20-25 бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл ретте дайын пәтерлерді тапсыруға 18 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлініп отыр. Бағдарлама қалай жұмыс істейді? Яғни, жылына 7 пайыздық мөлшерлемемен, 20 пайыз алдын ала төлеммен 25 жылға несие беріледі. Осы арқылы сіз баспаналы бола аласыз», – деді Қазақстан жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек МҮСІРЕПОВ.
Биыл осы бағдарлама арқылы мың жарымнан астам қазақстандық баспаналы болуға мүмкіндік алды. Берілген несие де көлемді. 20 миллиард теңгеден асады. Осы ретте халыққа ыңғайлы болу үшін мемлекет тағы бір қадамға барып отыр. «7-20-25» бойынша бастапқы жарна көлемін 10 пайызға азайтты. Бұл жеңілдік қазір Ақтөбе мен Шымкент қаласында тестілік режимде өз жұмысын бастаған.
«Мемлекет қазір алдын ала төлем мөлшерлемесін азайту үшін қосымша бағдарлама енгізіп отыр. Бұл жас отбасылар мен бюджеттік қызмет атқаратын мамандарға арналған. Мұндай өзгерістер Ақтөбе, Шымкент қалаларында тестілік режимде жұмыс істеуде. Болашақта барлық өңірге енгізу жоспарланып отыр», – деді Ермек МҮСІРЕПОВ.
Аталмыш бағдарламалардан бөлек, Алматы қаласы әкімдігінің мұрындық болуымен өткізіліп жатқан «Алматы жастары» бағдарламасы тағы бар. Оның басты ерекшелігі – пайыздық төлемнің төмендігінде. Көлемі 10 млн теңгеге дейінгі несие жылына 5 пайызбен беріледі. Бағдарлама бойынша несиені қайтару мерзімі төлем қабілетіне қарай жеке жасалады. Биыл қалалық әкімдік бұл бағдарламаны қолдау мақсатында 2 миллиард теңге бөлді. Бұл қаражат жобаның негізгі операторы – «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкіне» аударылады. Сәйкесінше, қаржы институты 5 пайызбен 25 жылға дейін несие береді.
Мұндай мүмкіндікті қалт жібергісі келмеген 1 мың 200-ден астам алматылық өтініш түсірген. Алайда олардыңтек 200-і ғана екінші кезеңге өткен.
Ескере кетерлігі, биылғы талаптарға бірқатар өзгеріс енді: тұрғын үйге өтініш берген азаматтың жасы 35-тен аспауы керек. Бірақ жолдасының жас ерекшелігі ескерілмейді. Сондай-ақ, екінші және одан кейінгі балаларға былтырғыдай 15 балдан емес, 20 ұпайдан есептеледі.
Бұдан бөлек, «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» де өз бағдарламалары бар. «7-20-25» бағдарламасы мен «Алматы жастары» бағдарламасының шарттарына сәйкес келмесеңіз, «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» өз шарттарын ұсынған бағдарламалары бар. Біріншісі – «Өз үйім» бағдарламасы. Мұнда алғашқы жарнасыз несие ала аласыз. Бірақ басты талап – банктің салымшысы болуыңыз керек. Екіншісі – «50-50» бағдарламасы. Аты айтып тұрғандай, пәтердің жалпы сомасының жартысын жинауыңыз қажет. Және соңғысы – «Нұрлы жер» бағдарламасы. Мемлекеттік бағдарлама арқылы баспанаңызды ала аласыз, бірақ атыңызда мүлік пен несие болмауы қажет.
«Мемлекеттік бағдарламамен біз құжаттарды жібереміз. Толық құжатты жіберген жағдайда бір ай көлемінде бізге жауабын айтады. Олар үйге кезекке қояды немесе бізге қарсылық хатын жібереді. Біз соны қабылдап отырамыз», – деді Халыққа қызмет көрсету орталығының құжаттарды қабылдау жөніндегі маманы Айман ЖҮНІСОВА.
Маман айтып өткендей, алматылықтар өтінімді халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы бере алады. Күні кеше Алматы жастар орталығының ұйымдастыруымен баспана алу мүмкіндіктері жайлы кеңес беру отырысы өткізілді. Онда келген әр азамат өзіне керек кеңесті алды.
«Алматы жастарына» қатысқанбыз. Ол жерде он балымыз жетпей қалды. Енді қазір көптеген бағдарламалар ашылып жатыр екен. Соларға қатысамыз деген ниеттеміз», – деді Меруерт НҰРКЕН.
«Осы «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» өте бір тиімді бағдарламалар шығып жатыр. Жылдан жылға көбейіп жатыр. Қысқаша айтып өтер болсақ, біздің банк мемлекеттік болып саналады. Сондықтан «Нұрлы жер» деген мемлекеттік бағдарламаның тиімділігі – үйдің шаршы метрі нарықтағы бағаға қарағанда арзандау болады. Бірақ оның да өз талаптары бар. Кез келген адам қатыса алмайды. Одан бөлек, «Өз үйім» деген бағдарлама бар, «50-50» деген бағдарлама бар. Мысалы, клиент пәтерді нарықтан өзі тапқысы келсе, осы бағдарламаға қатысуға болады. Сонымен қатар, президенттің ұсынған «7-20-25» бағдарламасы да қосылып жатыр. Қазақстан Республикасының әр азаматының бізде салымы болса, осы бағдарламалардың кез келгеніне қатысып, үй алуына мүмкіндігі бар», – деді «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» кеңесшісі Марат АРЫСТАНОВ.
Енді алматылықтардың баспаналы болуы үшін не істеу қажет деген сұрағына жауап іздесек. Қаржы тұрақтылығына үйрететін қазір түрлі құралдар ғаламторда толып жүр. Кітапхана сөрелерінде әдебиеттер де баршылық. Егер бір отбасыда әйелі мен күйеуі айына орта есеппен, 150 мың теңге табыс табатын болса және шамамен, 80 мың теңгеге пәтер жалдап тұрса, өз үйлеріне қалай қаражат жинауға болады?
Ең алдымен, отбасы мүшелерінің айлық табысын қосамыз: 150 мың + 150 мың = 300 мың теңге. Ал пәтерақы мен коммуналдық төлемдерге 80 мың теңге кетеді. Қолыңызда 220 мың теңге қалды делік. Оның 20 пайызын, яғни 44 мың теңгесін депозитке саламыз. Қалған қаражаттың 50 пайызын, яғни 110 мың теңгені тұрмыстық қажеттілікке қалдырасыз. Ал 30 пайызын демалысқа алып қойыңыз.
Қанша жерден үнемдеймін десеңіз де, бір сәт өзіңізге көңіл бөлу керек емес пе?
Осылайша, бір отбасы 4,5 жылда алғашқы жарна – 3 миллион теңгені жинап, «7-20-25» бағдарламасына ойланбастан қатыса алады.
Бұдан өзге, қазір әр құрылыс компаниялары да бір-бірінен қалмай, өз бағдарламаларын ұсынуда. Бірақ бірінші кезекте шарттарымен танысып, тиімдісін таңдаған дұрыс.
Азамат Әуезхан, «Алматы» телеарнасы