Президент мұғалімдердің мәртебесін қорғайтын заң әзірлеуді тапсырды. Ал жалақылары тағы да жоғарылап, өздері туралы арнайы заң әзірленсін деген жаңалықты естіген алматылық ұстаздар бұл оқу сапасына тікелей оң әсер етеді дейді.
Ұстаздар пікірінше, өздері түрлі қоғамдық жұмыстар мен қағазбастылықтан әбден зәрезап болған. Елбасы бүгінгі кезекті жолдауында білім беруі тиіс мұғалімдерді көше тазалатуға шығарғанды қою керек деді. Жергілікті әкімдік сенбілік пен сан түрлі жұмыстарға да осы ұстаздарды жұмсауды әдетке айналдырған және олардың міндетінен тыс жұмысқа жалақы да төленбейтін де айтты. Ал олардан тек сапалы білім беру ғана талап етілуі тиіс. Бұдан өзге, мектептер пен балабақшалар түгелдей бейнебақылау камераларымен жабдықталуы шарт. Бұл оқушылар мен бүлдіршіндерді түрлі келеңсіздіктерден қорғауға мүмкіндік береді.
«Елбасының кезекті жолдауы біз үшін жақсы жаңалықтарға толы болды. Өйткені, мұғалімдердің мәртебесі туралы айтылды. Мектептегі қағазбастылықтан құтылудың пайдасы көп болар еді. Сондай-ақ, көп мектептер үш ауысыммен оқиды. Демек, бала шаршайды, кешке сабақты қабылдай алмайды. Оны да қолға аламыз деді. Мұғалімдер үшінде жақсы жаңалық көп болды», – деді Алматы қаласы №178 «Жаңа ғасыр» гимназиясының мұғалімі Гүлнұр ДҮЙСЕМБИЕВА.
Нұрсұлтан Назарбаев сапа емес, санға жүгіріп, қажетсіз мамандарды дайындай беретін жоғарғы оқу орындарының басшыларын да сынға алды. Тіптен, Елбасы оқу орындарда жемқорлық бар деді. Президенттің айтуынша, жоғары оқу орындарын ірілендіру қажет және керексіз адамдарды оқытып, диплом бере бермеуді ұсынды. Қай университеттің қаншалықты сапалы білім бергенін түлектердің жоғары жалақылы жұмысқа орналасуынан-ақ білуге болады.
«Көптеп шетелге оқуға кетіп жатыр. Елбасы өте жақсы айтты. Яғни жастар шетелге оқуға көп кетіп жатыр. Бұл ненің көрсеткіші? Бұл кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Себебі, жастардың арасында өзекті мәселелер бар. Қандай мәселелер дейсіз ғой? Білім мәселесі, жұмысқа тұру мәселесі, аймақтағы, ауылдардағы жастар мәселесі айрықша шешімді қажет етеді», – деді «Жастар үні» ЖҚБ төрағасы Дәурен БАБАМҰРАТОВ.
Келесі жылдан бастап елімізде кіші және орта бизнес иелеріне салықтық рақымшылық жарияланады. Олар салықтың негізгі қарызын төлейтін болса, айыппұлдары мен өсімақылары кешіріледі. Назарбаевтың пікірінше, бұл шара көлеңкелі экономикамен күресіп, бизнесті дамытуға септігін тигізеді. Елбасы алдағы үш жылда көлеңкелі бизесті тым болмағанда 40 пайызға қысқарту қажеттігін айтты.
«Бізге тексеру жүргізілген соң біраз қиындыққа тап болып қалатынбыз.Себебі, өзіміздің тікелей міндетімізді атқара алмай қалып жатамыз, ал тексеру көп уақытты алып қоятын. Енді Жолдауда айтылғандар жүзеге асса, болашақта біз сияқты кәсіпкерлерге жеңіл болып, жолымыз ашыла түседі деп ойлаймын», – деді кәсіпкер Бекежан ТЫНЫШТЫҚБАЙ.