Мемлекеттік рәміздер күнінің 25 жылдығы Алматыда тойланды

06.06.2017 14:49

Мемлекеттік рәміздер күнінің 25 жылдығы Алматыда тойланды. Мерекеге орай ұйымдастырылған басты шара Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында өтті. Қасиетті нышан қашанда қастерлі деген қала әкімі халықты мерекемен құттықтап, мейрамның жастардың жүрегінде ерекше орын алғанын атап өтті.

Айбынды асқақтатып, ұлтқа деген сүйіспеншілікті айшықтайтын рәміздер күнін алматылықтар биыл да бар сән салтанатпен атап өтті. Қала әкімі Бауыржан Байбек шынайы патриотизмнің өзі мемлекеттік нышандарды құрметтеуден басталатынын айтты. Өйткені, қасиетті нышандар мемлекеттікті, тәуелсіздікті сипаттайды деп отыр. Сондай-ақ, егемендіктің айғағы, тәуелсіздіктің тұғырлы екенін білдіретін Рәміздер күні мерекесінің тәрбиелік мәні зор. 

«Біз мемлекеттік рәміздеріміздің Алматыда бекітіліп, мемлекеттік туымыздың бейбіт аспанымызға алғаш рет Алматыда көрсетілгенін мақтан етеміз. Бүгінде осынау қасиетті Мемлекеттік рәміздеріміз арқылы Қазақ елін, бүкіл әлем танып біледі. Ресми шетелдік сапарларда елбасымыздың құрметіне, отандастарымыздың Олимпиада ойындарындағы жетістіктерінің құрметіне көк байрағымыз көтеріліп, гимніміз шырқалады. Бір тұтас халқымыздың мерейін асырып, азаматтарымыздың жүрегіне мақтаныш сезімін ұялатады. Құрметті жастар! Елбасы Өздеріңе арнап, жиі айтатын отансүйгіштік ол туған жерге, туған елге деген сүйіспеншілік»,- деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.

Рәміздердің ұлттық сананы шыңдауда маңызы зор. Сондықтан, қастерлі нышандарды құрметтеу әрбір перзенттің  азаматтық борышы саналмақ. Студенттер сарайында орындалған патриоттық әндер келген халыққа рух берді. 

«Биыл мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығы. Ол жаңағы жастар үшін өте үлкен мереке. Өте үлкен қуаныш. Өйткені бұл біздің мемлекеттік нышандарымыз болып есептелінеді. Басқа елде, басқа мемлекетте спорттық жарыстарда туымыздың көтерілгені біз үшін ұлттық рух. Біз үшін өте керемет мереке»,- деді Студент, Бибінұр БАЙЖІГІТҚЫЗЫ.

Шара жұлдыздардың концертіне ұласты. Бір атап өтерлігі, бұл күнді мерекелеу жыл өткен сайын кең ауқым алып келеді.

Жадыра Омаржан, Әсет Құндақпаев, «Алматы» телеарнасы