Алматыда Виктор Цойға ескерткіш орнатылды

Алматыда Виктор Цойға ескерткіш орнатылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Виктор Цойдың ескерткіші ашылды. Биыл қазақстандық режиссер Рашид Нұғмановтың «Ине» фильміне отыз жыл толды. Ол 1988 жылы Алматы қаласында түсірілген. Ал бүгін кинотуындыда басты рөлді сомдаған музыкант, ақын, «Кино» тобының солисі Виктор Цойдың туған күні. Тірі болғанда ол 56 жасқа толар еді. "Ине" картинасында Моро образын сомдаған Цой отандық киноның да тарихында есте қалғаны белгілі. Осыған орай бір топ қалталылар Төлебаев көшесінде актердің мүсінін орнатты. 

«Біз саябақты жаңартып, ескерткішті дайындадық, тақтайшалар мен шамдарды орнаттық. Барлығы 80-жылдың аяғындағы Алматының бейнесіне сай етіп жасалған. Сол уақытта осы көшеде «Игла» фильмінің көріністері түсірілген болатын. Сондықтан, ескерткішті де осы саябақ-көшеде орнатуды жөн деп таптық»,-деді демеушілер тобының мүшесі Тимур БЕРҒАЛИЕВ.

Цойдың бейнесі бейнеленген мүсіннің ұзындығы 182 сантиметр. Белсенділердің айтуынша бұл орын алматылықтардың ғана емес, туристердің де сүйікті орнына айналады. Жүргіншілер жолына «Кино» тобы орындаған әндердің үзінділері бейнеленген. «Звезда по имени Солнце», «Пачка сигарет», «Группа крови» әндері бүгін ескерткіштің ашылу салтанатында шырқалды. Қала басшылығы алматылықтардың мұндай ұсыныстарын назардан тыс қалдырмауға тырысатындықтарын жеткізді.

«Қала тарапынан біз үлкен қолдау көрсеттік. Неге десеңіз, жалпы біздің Алматы қаласы қала тұрғындарының белсенді қаласы. Көп адамдар өз ұсыныстарын береді. Біз Елбасы айтқандай, ашықтық, жауапкершілік қағидаты бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Сондықтан мен ойлаймын, осындай біздің азаматтарымыз бастаған ұсыныстар жүзеге асырылса, онда біздің қала тұрғындары Алматыны одан да жақсы көретін болады»,-деді   Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Новости партнеров