Еліміздегі перхентханаларда жыл басынан бері 31 әйел көз жұмған

18.07.2018 00:20

Астана перзентханасында төртінші әйел көз жұмды. 34 жастағы келіншек өзі жан тапсырғанымен, дәрігерлер баласын аман алып қалған.

Үкімет отырысында да соңғы кезде жиілеп кеткен ана өлімі сөз болды. Премьер-министр Денсаулық сақтау министрі мен қала әкімінен жыл басынан бері төртінші босанған келіншектің өліміне қатысты жауап алды.

Жыл басынан бері елімізде 31 ана перзентханада қайтыс болған. Ал жыл сайын осындай 50-60 қайғылы жағдай тіркеледі. Үкімет отырысында премьер-министр Елжан Біртановтан қайғылы жағдайдың себебін сұрады. Ал Денсаулық сақтау министрі мамандардың тапшылығынан орын алуда деп жауап берді. Ведомство басшысы елімізде 340 акушер-гинеколог жетіспейді деді.

«Барлығы шілде айында болғандықтан, патологиялық, анатомиялық, морфологиялық зерттеулер жүргізіліп жатыр, зерттеу жұмыстары біткен соң толық ақпарат береміз. Жалпы, қазір Астана қаласындағы амбулаториялық деңгейде әйелдерге қандай қызмет көрсетілгенін тексеріп жатырмыз. Арнайы штаб құрылған. Астана қаласының әкімдігімен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Мұнда үлкен мәселе бар деп айтуға болмайды, кей жағдайда барлығы әйелдердің өз денсаулығына байланысты болады», – деп жауап берді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.

Үкімет басшысы Астана қаласының әкімінен де жауап алды. Әсет Исекешевтің айтуынша, жағдай бақылауда. Отандық ақ халаттылар жіберген қателікті шетелдік мамандар реттемек. Ол үшін Израильден адамдар шақыртылыпты.  

«Барлық жағдайлар бойынша жетекші медициналық орталық мамандарының қатысуымен консилиум өткізілді және барлығы Денсаулық сақтау министрлігімен талқыланып, нақты іс-әрекет жоспары түзілді. Сондай-ақ, тәуелсіз сараптама жүргізу үшін және акушерлік-гинекологиялық көмек үшін Еуропаның мықты деп саналатын мамандарын шақырып отырмыз. Мәселе бақылауда», – деп мәлімдеді Астана қаласының әкімі Әсет ИСЕКЕШЕВ.

Астананың Денсаулық сақтау басқармасы да осы жылғы орын алған төртінші қайғылы жағдайдың жайын түсіндірді. 34 жастағы келіншек үшінші рет бала сүю керек болатын. Ол 15 шілдеде келіп түскен. Ертеңіне толғағы келіп, табиғи жолмен босану кезінде көз жұмған. Дүниеге келген шақалақ – қыз бала. Дәрігерлер оның жағдайын қалыпты дейді.

«Алдын ала болжамның бәрі сараптық комиссиядан кейін, солардың шешімінен кейін айтылады. Бізде қалалық сарапшылар тобы құрылды. Одан кейін республикалық сарапшылар жұмыс істейді. Сол кісілердің шешімдерінен кейін ғана сіздерге қорытынды жағдайын айтамыз», – деді Астана қаласы қоғамдық Денсаулық сақтау басқармасының бас акушер-гинекологы Гүлназ ДОСМЫРЗАЕВА.

Естеріңізге салайық, бұл жағдайға дейін қалалық нөмірі бірінші перинаталдық орталығында 3 әйел жан тапсырған болатын. Үшеуінің де нақты неден қайтыс болғандығы әлі айтылған жоқ. Тексеріске жауапты ведомстводан бөлек, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да кіріскен.

Нұржан Сәдірбай, Нұрлан Өтегенов, Ерсұлтан Қозыбағаров, «Алматы» телеарнасы