Алматыда бір айдың ішінде 5 адам тырысқақ ауруына шалдықты

22.12.2017 22:59

Тырысқақтан сақтануға тырысып бақ. Алматыда тек бір айда осы аса қауіпті жұқпалы ауруға 5 адам шалдыққан. Холера ауруының тіркелгені туралы алғаш рет 17-ші қарашада хабарлаған едік. Дерт 15-ші қарашада Нью-Дели-Алматы рейсімен ұшып келген Алматы тұрғынынан анықталған. Ол науқас жұқпалы аурулар ауруханасында ем қабылдап, толық жазылып шықты. Әуе көлігінде болған өзге жолаушылар тексеріліп, оларда тырысқақ дерті анықталмады. Атап өтерлігі, қараша айының басында тағы бір жолаушы холераға шалдыққан. Одан кейін, жарты айдың ішінде Үндістаннан ұшып келген тағы 3 жолаушыдан холера анықталыпты.

«Холераның клиникасы құсып, жидкость жоғалтады организм ағзасы. Адамның бет-әлпетінен көрінеді қандай екенін. Оларға әсіресе көңіл аударып, ол жерде бізде арнайы қызметтің санитарлық қадағалау пункті бар солар қадағалап отырады. Күнде Үндістаннан 40-50 адам келеді. Солар осы желтоқсан, қаңтар, ақпан 3 ай бойы келеді. Өйткені олар қыс айында біздің тауларды тамашалауды ұнатады екен», - деді Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау департаменті аса қауіпті жұқпалы ауруларды қадағалау бөлімінің басшысы Саят ҚАУМЕТБАЕВ.

«Қауіп әлі де сақталуда», - дейді мамандар. Сондықтан, Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы арнайы қаулы шығарған. Эпедемиологиялық ахуал тұрақталғанша мамандар күшейтілген режимде жұмыс істейді. Оған қоса, Алматыда білім алып жатқан үндістан студенттері жаппай тексеріліп жатыр. Үндістаннан келіп білім алып жатқан шәкірттер саны Алматыда 600-ге жуықтайды.