«7-20-25» бағдарламасы бойынша баспана алу үшін не істеу керек?

05.05.2018 03:35

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан банк пен бизнеске 200 млрд теңге қаржы бөлінеді. Бұдан бөлек елімізде жаңа депозиттің түрі пайда болады. Пайыздық көрсеткіші жоғары жаңа салым жүйесі бойынша соманы мерзімінен бұрын шешсеңіз - айыппұл төлеуіңіз мүмкін. Бұл туралы бүгін Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев мәлімдеді.

Бастан дауы арылмаған екінші дейгейлі банктер, оның ішінде, «Астана» банкінің жағдайы бүгін тағы да өзекті тақырыпқа айналды.Сенаторлар институт жағдайынан гөрі қарапайым халықтың салымдарына алаңдаушылық танытып отыр. Дегенмен Бас банкирдің түрінен қобалжу байқалмады. Ол жұрт салған қаржаттың 99 пайызы мемлекет тарапынан кепілге ие екенін жеткізді.

«Тұтынушы ең алдымен алдағы уақытта мұндай қиындыққа душар болмас үшін арнайы кепілдік беретін жүйе құрылды. Кез келген депозит, болмаса, карталық шот және 10 млн теңгеге дейінгі соманың қайтарылатынына мемлекет кепілдік береді. Сондықтан осы қаржы көлемінде салымдары бар азаматтар мүлде алаңдамаса болады», - деді ҚР Ұлттық банкі төрағасы Данияр АҚЫШЕВ.

Айта кетейік, Данияр Ақышев халықтың салымдарын қорғау үшін алдағы уақытта баламалы депозиттің жаңа түрі пайда болатынын айтып өтті. Жаңа жүйе бойынша салынған соманың пайыздық көрсеткіші жоғары, бірақ мерзімінен бұрын шешіп алынса, онда айыппұл салынады. Қолданысқа енетін жаңа тетік екінші деңгейлі банктердің несие беру мүмкіндіктерін арттыра түспек. Бас банкир сонымен қатар, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры арқылы бизнес пен қаржы институттарына 200 млрд теңге бөлінетін айтты.

«Біз 5 жыл көлемінде құнды қағаздарды сатып алу арқылы нарықтық талап негізінде қор жинауды ұсынып отырмыз. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қауіп төндірмеу мақсатында облигациялар шығарылады. Қор құнды қағаздың 50 пайызына қаржы жұмсайды. Демек, банк керекті қаражатты алмас бұрын нарықтан инвестиция тарта алатынын дәлелдеу керек», - деді ҚР Ұлттық банкі төрағасы Данияр АҚЫШЕВ.

Осы тұста Сенат төрағасы Данияр Ақышевқа қатаң ескерту жасады. Мемлекет қолдауына сеніп алған екінші деңгейлі институттардың менеджментін қатты сынға алды. Келетін қатерді алдын ала болжау Ұлттық банк еншісінде екенін еске салып, аталмыш мекеменің қызметін жетілдіруге бағытталған жаңа ұсыныстарға қолдау көрсететін айтып өтті.

«Басты айтарым, дәрменсіз банктерге мемлекет тарапынан қолдау көрсету соңғы қадам болуы тиіс. Өйткені, қаржы институттары әбден дәмеленіп алған. Бәсекелестікке мүлде қауқарсыз. Біз мұндай мәселелерді істі насырдан асырмай,  алдын ала болжауымыз тиіс», - деді ҚР Парламенті сенатының төрағасы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Ұлттық банк төрағасы Елбасының «7-20-25» бағдарламасына да тоқталды. Бұл жолы баспана алуға қажет бірнеше нақты қадамдармен бөлісті. Белгілі болғандай Алматы, Астана, Атырау мен Ақтауда пәтер бағасы 25 млн теңгеден аспауы тиіс. Өзге өңірлерде 15 млн теңгені құрайды. Ипотека қай банктер арқылы іске асатыны алдағы уақытта мәлім болмақ.

«Азаматтар қажетті құжатпен банкке келуі тиіс. Біз жақында халыққа лайықты қызмет көрсете алатын қаржы институттарын анықтаймыз.Үшіншіден, адамдардың табыс көзі несиені жабуға қауқарлы болуы тиіс.Төртіншіден,  азаматта басқа баспана болмауы керек деген жағдайды қарастырып жатырмыз. Ұлттық банк бұл мәселелерді толыққанды  түсіндіру үшін бар күшін салатын болады», - деді ҚР Ұлттық банкі төрағасы Данияр АҚЫШЕВ.

Депутаттық сауалнама онлайн несиелеу жүйесін қозғады. Бұл сұраққа да Бас банкир емін - еркін жауап беріп, басқа қаржы институттарына жылына 100 пайыздық көрсеткіш мөлшерлемесін бекітетіндіктерін жеткізді. Егер жеке компаниялар тұтынушыларды  жоғары пайызбен қысатын болса, онда жаңа заң негізінде борышкер аталмыш берекшекті қайтармауға мүмкіндік алады.


Назым Мәлікқызы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы Астанадан