Тұңғышбай Жаманқұловқа 7 жарым жыл жаза сұрады. Алматыда «Феникс» фильмінің түсіріліміне бөлінген қаражаттың талан-таражға түсуіне қатысты сот ісі жалғасуда. Мемлекеттік айыптаушы судьядан сотталушылардың жазасын шартты түрде өтеуін және амнистия бойынша жылдарын қысқартуын сұрады. Сондай-ақ, олардың екеуіне тағылған айыптың заңға сәйкес екендігі белгілі болды.
Белгіленген уақытынан кеш басталған «Феникс» фильміне қатысты кезекті іс Медеу аудандық нөмірі 2-ші сотының аядай залында өтті. Фильмнің түсіріліміне бөлінген қаражатты жымқырғандарға қатысты сот отырысы прокурордың айып оқуынан басталды. Мемлекеттік айыптаушы сотталушылардың 11 млн 664 мың 932 теңге қайтарғанын мәлімдеді. Қазақфильмнің топ-менеджері Гаухар Ысқақованың ісін прокурор қызметін асыра пайдаланғанға ауыстыруды сұрады. Ал фильм редакторы Гизат Сұлтанов бюджеттің 1,8 млн теңгесін ұрлаған. Сондықтан, қылмыстық кодекстің 189-бабы 3 тармағы бойынша енді қомақты көлемде қаржы иемденгені үшін жауап береді. Прокурор Тұңғышбай Жаманқұлов пен Талғат Жаныбековқа қатысты айыптың дұрыс тағылғанын мәлімдеді.
«Айыпталушы Жаманқұловқа қатысты Қылмыстық Кодекстің 189 бабы 4 бөлігі 2 тармағына сәйкес 7 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру және 5 жыл көлемінде басқарушылық қызметке тұру құқығынан айыру жазасы тағайындалсын деп сұраймын. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл толуына байланысты Жаманқұловқа қатысты амнистиция бойынша жазасы 3 жыл 9 ай болсын. Қылмыстық Кодекстің 63-ші бабы бойынша жазасы шартты түрде өтелсін»,- деді Мемлекеттік айыптаушы, Дәурен БҰЛҒЫНБАЕВ.
Мемлекеттік айыптаушы Гаухар Ысқақованы 1 жылға бас бостандығынан айырып, өмір бойы басқарушылық қызметке тұруынан айыру жазасын ұсынды. Фильмнің атқарушы продюсері Наталья Юдинаға 7 жыл және 5 жыл басқарушы құқығы берілмесін деді. Рақымшылық жасау бойынша жылы 3,5 жылға қысқартылады. Оның да жазасын судьядан шартты түрде өтеуін сұрады. Сот отырысында Наталья Юдина мен Тұңғышбай Жаманқұловтың пікірі бір-біріне қарсы болып шықты. Сот отырысында сөз алған халық әртісі қаржыны талан-таражға салғандарға қатысы жоқ екендігін ашық мәлімдеді. Сондықтан, судьядан өзіне тағылған айыпты алып тастауын сұрады.
«Бәрі жазаны маған ысырды. Сотта Жаманқұлов осы істі бастады, тапсырма берді деген сөздер айтылып жатыр. Сотта айтылған есімдерді мен тіпті білмеймін. Оларды өзім өмірде көрген жоқпын. Ешқайсысын жұмысқа қабылдаған емеспін. Юдинамен екеуміздің арамызда соңғы кезде келіспеушілік болды. Ол министрлікке есептерді жіберуді қойды. Егер 35 млнның есебін жіберсек, онда Қазақфильм қалған қаржыны бермей қояды деп азар да безер болды. Оны кейін есептесіп, көрсетеміз деп едім көнбеді. Менің кінәм жоқ»,- деді Айыпталушы, Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ.¤
«Феникс» фильміне бөлінген қаражатты жымқыру ісі бойынша 9 адам жауапты. Оларға 69 миллионға жуық қаражатты жымқырды деген айып тағылып отыр. Прокурор қайтарылған шығынға байланысты сотталушылар енді 40-тан астам миллион теңгені қазынаға қайтарсын деген шешімін білдірді.
Жадыра Омаржан, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы