Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысы басталды

07.06.2018 03:24

Қазақстан дамуының жаңа бес бағыты. Еліміздегі сот жүйесінде шетелдік инвесторлардың құқығы қорғалады. Бұл Елбасының қатысуымен өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 31-ші пленарлық отырысында айтылды. Президент төрағалығымен өтетін аталмыш кеңес құрамына 35 ірі трансұлттық шетел компаниялары мен халықаралық ұйымдар енеді. Нұрсұлтан Назарбаев бүгін көпшілікті қатарға қосылған жаңа мүшелермен таныстырды. Кеңінен Назым Мәлікқызы тарқатсын.

Шетелдік инвесторлардың 31-ші жалпы отырысына төрағалық еткен Нұрсұлтан Назарбаев ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосып отырған шетел азаматтарының бизнесіне ден қойды. Бұл жолғы тақырып, елдің «қайта жаңғыруы". Елбасы көпшілік отырған бөлмеге кірмес бұрын, Еуропалық қайта құру және даму банкі президенті Сума Чакрабартимен екі жақты кездесу өткізіп, инфрақұрылымды дамыту бағытында іске асып жатқан жобаларға тоқталды.

«Осы жылдар аралығында Қазақстан экономикасына 7 млрд доллар көлемінде қаржы құйылды. Қазіргі кезде Сіздер бізбен байланысты нығайтатын бағдарламаны қолға алдыңыздар. Ауқымды инфрақұрылымдық бағдарламалар іске асып отыр. Орта және шағын бизнесті дамыту әлі де өзекті. Одан бөлек, аграрлық кешенге қолдау көрсетуде бар»,-деді Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Бұдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев біршама ірі компаниялардың өкілдері отырған кеңсеге бет бұрды. Аталмыш кездесулердің тиімділігін тілге тиек етіп, төртінші өнеркәсіптік революция төңірегінде әңгіме өрбітті. Жиналған қауымды қатарға қосылған жаңа мүшелермен таныстырды. Айта кету керек, өткен жылы сырт ел компанияларының ел экономикасына құйған қаржы көлемі 260 млдр долларды құраған. Министрлер қатарынан алғаш  Жеңіс Қасымбек  сөз алды. Ол 30-шы пленарлық отырыс тапсырмасы бойынша атқарылған жұмыстарға есеп берді. Оның ішінде, энергетика, халықаралық бәссаудалар өткізу, «Экспо» аймағында жасыл технологияларды дамыту, шетелден жұмыс күшін тарту ережелері сынды бағыттар бар.

«Шетелден жұмыс күшін тарту ережелерін жетілдіруге қатысты нақты шаралар әзірленді. Қоршаған ортаны қорғау нормалары да қайта қаралды. Бұның барлығы Экологиялық кодекс пен көші-қонның жаңа заңнамасында ескеріледі. Бұдан бөлек, кен игеру заңнамасында «газды технологиялық жағу» деген түсінікке нақты анықтама берілді. Қазір валюталық реттеу және салық саласына қатысты кеңестер пысықталып жатыр»,-деді ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс ҚАСЫМБЕК.

Елбасы шара барысында ерекше сөз өнерімен көзге түскен Жақып Асановты мақтады. Өйткені, Бас судья сот жүйесі іріген жерге ешкім қаржы құймайтынын мәлімдеді және Президенттің инвестициялық әділ сотты енгізгенін атап өтті. Ақпарға жүгінсек, биылғы жылы сотқа түскен 40 істің 74 пайызы шетелдік инвесторларға тиесілі. Оның  38 пайызы солардың пайдасына шешіліп, 62 млн доллар өндірілген. Демек, төрешілер барынша ашық, әділетті шешім, тәуелсіз көзқарас қалыптастыру бағытына көшкен.

«Әлемдік тәжірибеде даудың 25 пайызы өзара келісіммен шешіледі. Біз де осы ретте медиацияны енгіздік. Екіншіден, Еуразиялық экономикалық одақ аясында инвестициялық дауларға қатысты істерде ұлттық соттардың рөлі артып келеді. Халықаралық кеңестің, «Астана» халықаралық қаржы орталығының ең үздік тәжірибелерін өзімізге сіңіріп, халықаралық қағидаттар мен стандарттарды енгізудеміз»,-деді ҚР Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып АСАНОВ.

«Шетелдік инвесторлардың қазақстандық кеңесі» қауымдастығының басшысы Агрис Прейманис кәсіпкерліктің дамуына кедергі болып отырған кей тұстарды алып тастаған жөн дейді. Мысалы, салықты өз еркімен төлейтін компаниялар қылмыстық жауапкершілікке тартылмаса деген ұсыныс жасады.

«Шетелдік инвесторлар салықты өз еркімен төлеген жағдайда қылмыстық жазалауды алып тастаған жөн. Себебі салықтан жалтару кезінде қылмыстық жаза қарастырылған. Осы орайда келтірілген залалдың көлемін қайтаруды қайта қарау қажет. Бұдан бөлек, шетелдік компаниялардың филиалдары мен бөлімшелеріне қатысты қазіргі валюталық реттеуді қалдыру қажет»,-деді «Шетелдік инвесторлардың Қазақстан кеңесі» қауымдастығының басшысы  Агрис ПРЕЙМАНИС.

Қазақстан шикізат тәуелділігінен құтылып келеді деген Тимур Сүлейменов шетелдік әріптестер алдында жалпы ішкі өнімнің өсімі бойынша болжамымен бөлісті. Биыл инфляция деңгейі 6,2 пайызды құрайды. Жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыз көлемінде тұрақтауы тиіс.

«Бағалық факторлар бойынша жағдай жайлы, тау-кен өнеркәсібінің үлесі Жалпы ішкі өнімде 19-дан 13 пайызға төмендеді. Біздің елдің сыртқы факторлар мен шикізаттық сектордан тәуелділігі төмендеп келе жатқанын осыдан-ақ көруге болады»,-деді ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур СҮЛЕЙМЕНОВ.

Алқалы жиында Президент ұлы державалардың  бір-біріне қойып отырған санкциялары елімізге де әсер етіп отырғанын жасырмады. Лаңкестік әрекет пен экстремизніңде түбі жақсылыққа әкелмейтінін еске салды. Десе де, бұл қиындықтар Қазақстан дамуына кедергі болмауы қажет.

«Бүгінгі таңда бәрімізде жаһандық өзгерістердің болып жатқанын көріп отырмыз. Әлемде соғыстар, терроризмдер, экстремизмдер де орын алып жатыр. Өкінішке қарай, мемлекеттердің санкциялық  текетірестері, ұлы державалардың ортақ келісімінің болмауы бар. Сондықтан, осы қиындықтардың бәрін еңсеру керек. Ол сөзсіз Қазақстанға да қатысты»,-деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Сөз соңында Президент Қазақстанның дамуына қажет бес бағытты атады. Жер қойнауын пайдалану, кәсіпкерлікке жағдай жасау, салықтық -кедендік кодекстерге енген өзгерістер. Екіншісі-агроөнеркәсіп. Инфрақұрылымды жаңғырту үшінші.Төртінші цифрландыру.  Ал адам капиталын дамыту бесінші. Бас қосудың соңында Нұрсұлтан Назарбаев келесі кездесуді 2019 жылдың 6-шы маусымына белгіледі.Тақырып адам капиталын дамыту төңірегінде өрбімек.

Назым Мәлікқызы, Дәурен Зарипов, Алматы телеарнасы, Астанадан.