7 пайыздық ипотека халыққа қаншалықты қолжетімді болады?

14.03.2018 11:04

Жаңа ипотекалық бағдарлама қаншалықты оңай жүзеге асады? Сондай-ақ ең тиімді тұсы қайсы? Бұл сұрақтарға жауап беру үшін экономист Мақсат Халық бізбен байланысқа шығуға дайын.

-Мақсат мырза, қайырлы кеш! Аталған ипотека халыққа қаншалықты қолжетімді болады?  Ұлттық банк еншілес компания ашуды ұсынды. Мұның жүзеге асқалы отырған бағдарламаға қандай қатысы бар? 

-Данияр Ақышевтың мәлімдемесінен кейін біраз нәрсе түсінікті болып жатыр. Әлі де реттелетін дүние көп. Бірінші мәселе, халыққа қаншалақты қол жетімді болады, әлі үлкен сұрақ, уақыт еншісінде деп қалдырайық. Ал енді қор нарығына байланыста сөз айтылды. Бұл екінші деңгейлі банктер емес, Ұлттық банктің арнайы еншілес компаниясы ретінде ипотекалық ұйым құрылатын болып отыр. Бұл осы бағдарламаны жүзеге асырады. Мұның облигация шығаруына мүмкіндік беруі, бірден-бір негіз деп айтуға болады. Бұл компания ертең қандай да бір қаржылық тапшылыққа, қиындыққа тап болып жатса, ол өзінің облигацияларын шығару арқылы қосымша қаражат тарта алады деген сөз. Бұл құба-құп дұрыс дүние деп айту керек!

- Түсінікті. Бұған дейін ипотекаға  7 пайыздан да жоғары көрсеткішпен үй алғандар бар. Енді олар жаңа бағдарлама арқылы сол ипотекасын қайта қаржыландыра ала ма? Осы мәселені толық түсіндіріп берсеңіз? Халыққа түсінікті етіп.

-Жақсы сұрақ. Енді бұған қатысты айтатын болсам, бұл жерде бірінші кезекте келісім-шарттарға  қаралады. Егер кезінде үлкен пайызбен несие алған азаматтардың келісім-шартында қайта қаржыландыру мәселесі қарастырылған болса, онда мүмкін болады. Ал егер ондай жоқ болса, бұл енді бірінші кезекте Ұлттық банктің құзыреттілігінде. Егер Ұлттық банк осы жағдайдың бәрін реттеп, қайтадан қаржыландыруға рұқсат беретін болса, онда үлкен пайызбен алынған несиелер қайта қаржыландыралатын болады.

-Жалпы 7 пайызбен беріледі деп жатыр. Ел азаматтарына ипотеканы рәсімдеу барысында неге мән берген жөн? Пайыздық мөлшерлемені есептегенде нені есте сақтау керек?

-Пайыздық   мөлшерлеменің өзі екіге бөлінеді. Біреуісі, атаулы пайыздық мөлшерлеме, ол аталады да, барлық жерде көрсетіледі. Сондықтан үлкен үміт. Бұл атаулы пайыз болып қаламау керек 7 пайыз деген. Ол тиімді жылдық пайыздық мөлшерлеме болып қалуы керек. Бұл ең негізгі қойылатын талап. Елбасының сөзінен шыққаннан кейін, барлығы осыған ат салысуы керек деп есептеймін.  Көп жағдайда түсінікті, екінші деңгейлі банктер несие берген жағдайда өзінің комиссиясы бар қоятын, шот ашқаны үшін, қызмет көрсеткені үшін, тағы сол сияқты пайыздардың бәрін қосады, айналып келгенде ол 10 пайыздан бірақ шығады. Сондықтан да, бұл жерде ең маңызды мәселе, 7 пайыз-ол тиімді пайыздық мөлшерлеме болуы қажет. Ал бұл қалай жүзеге асады деген мәселеге келсек. Менің түсінігімде, қазіргі уақытта шағын және орта кәсіпкерлікті даму қоры арқылы қаржыландыру бар 7 пайызбен. 7 пайызын тұтынушы, 7 пайызын мемлекет субсидиялап отырады. Осындай функция жүзеге асатын сияқты. Тура сол 7 пайыз ғана халық төлей алатындай болуы керек. Қалған пайыздарды мемлекет өзі жабуы керек.

Тұшымды пікіріңізді білдіргеніңізге рахмет. Жаңа бағдарламаның шарапатын көргісі келетін әрбір азамат, сіз айтқан сөзге құлақ асады деген ойдамыз. Бізбен тікелей байланыста болған экономикалық сарапшы Мақсат Халық болатын.