Келесі жылдың аяғына дейін Алматы облысы меншігіндегі 74 қоғамдық көлік Алматы иелегіне өтпек. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы оның жұмысын осылай ретке келтірмек. Қазіргі таңда, Алматы қаласында жолаушылар тасымалын іске асыратын 17 кәсіпорын бар. Олар 106 бағыт бойынша қызмет көрсетеді.
«Қазір қоғамдық көлік облыс меншігінде болғандықтан, олардың жұмысын қадағалау қиындау. Бұған дейін қала маңында жолаушы тасымалымен айналысатын 10 автобусты қалаға аударсақ, бүгінгі таңда олардың қатары 33-ке жетті. Алдағы уақытта, қала меншігіне өткеннен кейін Оңай төлем жүйесінің және автобустың таза болуын қадағалайтын боламыз»,- деді Алматы қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы, Мақсұт ИСАХОВ.
Сондай-ақ, осы жылдың аяғына дейін ақылы тұрақ саны көбейтілмек. Атап айтқанда үш мың көлікке арналған 40 паркомат бой көтереді. Ал 2017 жылдың соңына дейін жиырма мың көлікке шақталған орын тұрғызылмақ.