Алматыда 75 мың қорап жасанды темекінің көзі жойылды. Сот орындаушылары тиісті таңбасы мен құжаты жоқ шылымды арнайы полигонға апарып өртеді. Өйткені, өнім 2016 жылы жазда жалған кәсіппен айналысқан азаматтан тәркіленген. Оңай олжаға батқысы келген саудагер Шымкентте белгілі шылым маркасының атымен жасалған өнімді арзан бағаға сатып алған. Кейін ақысын еселеп, жалған темекіні Алматының нарығына шығаруға бекінген. Ал шылымнан түскен 24 миллион теңгемен қалтасын қампайтпақ болған. Алайда, бұл пиғылы жүзеге аспай, тиісті орган әрекетін әшкере еткен.
"Алмалы ауданы сотымен үкімі 24 қарашада 2016 жылы шықты. Сот үкімі күшіне енеді, күшіне енгеннен кейін бұл кісілер ары қарай шағымданады. Апелляцияға береді, апелляциялық сот қаралады. Арасында өзінің мерзімі бар. Содан 10 күнде сот күшіне енгеннен кейін барып бізге түседі, біз 2 айдың шамасында сот үкімін орындауға тырысамыз", - деді Алматы қаласы әділет департаментінің сот орындаушысы Азамат ЖҰМАНАЗАРОВ.
Айта кетсек, пысықай кәсіпкер 2016 жылы сотталып, 530 мың теңгеден астам айыппұл арқалады. Оған Қылмыстық Кодекстің 214-ші бабы, яғни Заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқаны үшін жаза тағайындалған. Сот азаматтың бұрын істі болмағанын, әрі шиеттей балалары барын ескере отырып, бас бостандығынан айырмаған.