Алматыда алтын күз қызықты шараларға толы. Қыркүйек айында қала мерекесі атап өтіледі. Осыған орай, жүзден аса іс-шара жоспарланған. Оның 50-ден астамы мәдени шаралар. Шетелдік өнер жұлдыздарының қатысумен концерт, фестивальдер өтеді.
«Дәмді Алматы» фестивалінде қаланың ең үздік аспаздары даярлаған ерекше тағамдардан дәм тата аласыздар. Мұнда жалпы, 40-тан астам мейрамхана қатыспақ. Отбасылық шарада жасқа да, жасамысқа да қызықты бағдарлама дайындалған. Отандық және шетелдік жұлдыздардың қатысуымен концерт өтеді.
«Фестиваль таңғы сағат 11-де басталып, түнгі сағат 11-ге дейін созылады. Оған кез келген азамат қатыса алады. Жыл сайын шараға келушілер саны артып келеді. Бірінші рет өткізгенде 7 мың адам қатысса, кейінгі жылдары 15 мыңға дейін ұлғайды. Ал биыл 20 мың азамат келеді деп болжап отырмыз», – деді «Дәмді Алматы» фестивалінің ұйымдастырушысы Катерина КНАУБ.
Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан Кітап фестивалінде келушілерге 5 мыңнан астам кітап тегін таратылмақ. Шарада оқырман жаңадан жарыққа шыққан туындылармен қатар, бұған дейін жазылған еңбектермен таныса алады. Отандық жазушылар тұрғындарға арнап шеберлік сабақтарын өткізеді. Қаладағы ірі кітап дүкендері жәрмеңке ұйымдастырады. Фестиваль аясында балалар үшін ойын аймағы жұмыс істейді.
«Биылғы шарамыз сағат 10-нан кешкі 7-ге дейін созылатын болғандықтан, 15-тен астам кітап жазушыларын шақырамыз. 2017-2018 жылы жарық көрген еңбектерімен бөлісе отырып, қала тұрғындарына еңбектерін таныстыруға, өздерін көрсетуге мүмкіндігі болады. Сұрақ қойғысы, кездесіп, жүздескісі келген қала тұрғындары жазушылармен кездесу мүмкіндігіне ие болады. Одан бөлек, қоғам қайраткерлері, блогерлар, көптеген мамандар арнайы шатырда өзге де семинарлар өткізеді, қызықты кітапқа байланысты тақырыптар қозғайды», – деді «KITAP FEST» бас үйлестірушісі Майра ӘЛЖАНОВА.
Ал Мемлекеттік Орталық музейде «Ұлы Жібек жолындағы ортағасырлық қалалар: қыш ыдыстағы ою-өрнектер» көрмесі ашылды. Мұнда мұражай қорындағы керамикалық материалдар көпшілік назарына ұсынылған. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отырған шарада музей қызметкерлері қойылған жәдігерлер туралы мағлұмат беріп, ою-өрнектердің ерекшеліктері туралы ақпараттандырады.
«Экспонаттардың көбісі қорда сақталады. Енді осындай көрме кезінде әлі көпшілік назарына ұсынылмаған артефактілерді паш етеміз. Осы жолы 12-ші ғасырға дейінгі, орта ғасырлардағы, Қарахан кезеңіндегі жәдігерлер қойылады. Қарахан кезеңі Алтын орда кезеңі және Әмір Темір кезеңі болып саналады. Бұл екі кезең де ұзаққа созылған, дамуы жағынан бір-біріне ұқсамайтына ірі кезеңдер, сондықтан мұралары да айрықша», – деді ҚР Мемлекеттік Орталық музейі археология орталығының ғылыми қызметкері Набира ТӨРЕЖАНОВА.
Қала күні мерекесі қарсаңында Британдық «Blue» тобы Медеу мұз айдынында концертін өткізбек. Әлемге әйгілі бойз-бендпен бірге бір сахнада отандық RinGo және Mysterions топтары өнер көрсетеді. Одан бөлек, 8 қыркүйекте Орталық мәдениет және демалыс саябағындағы «Шабыт» амфитеатрында ресейлік Федук ән шырқамақ.
Перизат Көмекбайқызы, «Алматы» телеарнасы