Наурызбай ауданындағы әкімшілік орталық өз есігін айқара ашты

29.08.2017 09:52

Наурызбай ауданындағы әкімшілік орталығы өз есігін айқара ашты. Ат шаптырым аумақта бірнеше мемлекеттік мекеме бой көтерген. Енді аудан тұрғындары қажетті қызмет алу үшін қаланы түгел шарламайды. Жаңа ғимараттардың сапасын шаһар басшысы Бауыржан Байбек аралап көрді. Өз кезегінде қала әкімі орталықты халыққа жайлы ету үшін қосымша тапсырма жүктеді.

Наурызбай ауданының 153 гектар аумағында былтырдан бері қызу жүрген ең ірі құрылыс жоспарланған мерзімінен бұрын аяқталды. Енді тұрғындар өздеріне қажетті қызмет түрін алу үшін көп уақытын сарп етпейді. Өйткені, аумақта бой көтерген мемлекеттік мекемелердің барлығы бір-бірімен жапсарлас салынған. Аудандық әкімдік, халыққа қызмет көрсету орталығы, аудандық сот, прокуратура, мемлекеттік кірістер басқармасы мен АХАЖ бөлімі де осында. Су жаңа ғимараттардың сапасын қала әкімі Бауыржан Байбек аралап көрді. Шаһар басшысы аумақтағы тұрақ мәселесін шешу мен сауда орталықтарын ашуға ден қойды.

«Енді халыққа қолжетімді ойын-сауық орталықтарын жасау керек. Ауданда мерекелік шараларды өткізетін алаң да болмаған. Инвесторларды тартып, осы мәселені шешуді тапсырамын. Әкімшілік орталықтың маңынан барлығы қолжетімді, ішінде кинотеатры бар ойын-сауық кешендерін ашу қажет. Қазір ауданда шамаман 160 мың адам тұрады. Олар қалаға сабылмай-ақ, сол орталықтардан керек жарағын алуы үшін жағдай жасалу тиіс», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Әкімшілік орталықта инженерлік желілердің барлығы тартылған. Әрі жол мәселесі де шешілген. Қазір мамандар жаңа қоныстарына жайғасып жатыр. Дегенмен, барлық мекемелер қыркүйек айынан бастап толық қызмет көрсетуге кіріседі. Ал аудандық АХАЖ бөлімі алғашқы жас жұбайлардың некесін қиып үлгерді. Жаңадан шаңырақ көтергендерді қала әкімі де құттықтады. Мемлекеттік мекемелердің бір жерде орналасқаны әсіресе жергілікті тұрғындарға ыңғайлы болды.

«Халыққа қызмет көрсету орталығы ашылып отыр, өздеріңіз көргендей үлкен. 3 қабатты, кең, халыққа өте ыңғайлы болайын деп тұр. Бұрын өздеріңіз білетіндей, Әуезов ауданының территориясында орналасқан едік. Қазір міне Наурызбай ауданының халқына өте ыңғайлы, келуіне де өте жақын», - деді Наурызбай ауданы халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Шыңғыс ӘШІРБЕКОВ.

«Бұрындары әр жерге жүгіріп жүргенбіз, әкімдік басқа жерде болды. ХҚКО мүлдем басқа жерде болды. Әр жерде болды. Енді қазір барлығы бір жерге шоғырланған, бәрі жақсы», - деді қала тұрғыны Алма БАЙСАЛБЕКОВА.

«Енді бір жұмысқа орналасып жатсаң, әртүрлі құжаттарды жинау керек болады ғой, соған қарағанда уақыт үнемдейсің бір. Бұрын бір құжатты алу үшін қаланың бір шетіне барасың, кептеліспен уақытың өтеді. Екіншісіне екінші күнің кетеді. Қазір рахат, барлығы бір жерге келесің, аласың, жинайсың, қайтасың», - деді қала тұрғыны Алма АСЫЛХАНОВА.

Әкімшілік орталық маңында өткен айда жаңа емхана ашылған болатын. Енді ізін ала су жаңа мектеп оқушыларды қабылдамақ. Бұдан бөлек осы маңнан тағы да 1200 балаға арналған білім ордасы мен 2 балабақша салынып жатыр. Бастысы, мемлекеттік мекемеге келетін жұрт үшін қоғамдық көлік мәселесі шешімін тапқан. Қазір мұнда  4 бағытта қоғамдық көлік қатынайды екен. Әрі болашақта, олардың санын арттыру көзделуде.

«Әкімшілік орталықтың құрылысы барысында сақ қорғандары табылған болатын. Болашақта бұл жерге 7,5 га жерге орналасқан ашық аспан астындағы мұражай ұйымдастыру мәселесі қарастырылып жатыр. Жалпы біздің ауданымызда болашақта 25-30 мың аралығында тұрғындар тұратын үйлер салынады. Сауда саттық орындары және бизнес орталықтары, аурухана жоспарда бар», - деді Наурызбай ауданының әкімі Сайран САЙФЕДЕНОВ.

Бұдан бөлек, аудандағы Ішкі істер басқармасы ғимараты да іске қосылды. 4 қабатты нысанда да бар жағдай жасалынған. Аудандағы 200-ден астам тәртіп сақшысы жаңа жұмыс орнында қызметтеріне кірісіп кеткен. Айта кетсек, жыл басынан бері, ауданда қылмыс 25 пайызға төмендепті. Ал бұзақылықты ізін суытпай ашу 12 пайызға артқан.

Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев, «Алматы» телеарнасы