Бұдан былай адвокаттардың қызметі үшін төленетін ақша арнайы жүйе арқылы жүзеге асуы мүмкін. Мұндай ұсынысты заң ғылымдарының докторы АҚШ-та қызмет етіп жүрген заңгер Айнұр Көкетаева айтты. Яғни, клиент өз қорғаушысымен келісімшартқа отырып, келіскен қаржыға есепшот ашады. Қорғаушыға ақша құжатта көрсетілген міндеттерді орындаған кезде ғана беріледі. Бұл әдіс екі тараптың да жауапкершілігін арттырады. Еліміздің Әділет министрлігі осы сала мамандарына қатысты заң жобасын әзірлеп қойған.
«Заң жобасында соңғы, әрі ең озық тәжірибе енгізілген. Қазір заман өзгерген, тұтынушылар түсінігі де басқа. Қойылатын талап күшейіп отыр. Заң саласы кеңеюде. Аталған салаға қатысты заң 1997 жылдары қабылданған. Содан бері 20 жылдан аса уақыт өткен. Сондықтан, оған өзгерту мен толықтыру қажет деп санаймын»,-деді Халықаралық сарапшы, Айнұр КӨКЕТАЕВА.
Қазақстанда министрліктің лицензиясын алған 12 мың адвокат бар. Алайда, солардың тек үштен бірі ғана - бұл салада еңбек етеді.
«Заң жобасы арқылы белгілі бір тәртіп енгізіледі. Тарифтік кесте барлық адвокаттарға міндетті болмақ. Сондай-ақ саланы реттеу үшін шара атқарылады»,-деді Адвокат, Мұрат ЖАНБАЕВ.