Ерте ме, кеш пе кез келген Үкімет қайта жаңарып отырады. Астана экономикалық форумының екінші күнінде өткен жалпы отырыста- Бақытжан Сағынтаев осындай пікір білдірді. «Практикум, жаһандық өзгерістер» тақырыбы аясында өткен жиында Премьер-министр Қазақстан Үкіметі алдында тұрған маңызды міндеттермен бөлісті.
«Глобал челлендж саммиті» кезінде шетелдік әріптестер алдында Қазақстанның даму бағытын терең түсіндіргендердің бірі Бақытжан Сағынтаев болды. Ол адами капиталы мен экономиканың қарқынды дамуына бағытталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасына тоқталды. Елбасының 5 әлеуметтік бастамасындағы мәселелерді жылдам іске асыру Үкіметтің басты міндеті - деді.
«Қай кезде болмасын Үкіметтің өзінде өзгерістер жиі болып тұрады. Қазіргі таңда жұмыс істеп отырған билік өте жылдам және икемді болуы тиіс. Өйткені алда шешетін мәселер көлемі ауқымды. Тіпті, аталмыш бағыттарды ең алдыңғы шепке қойса болады»,-деді ҚР Премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Пленарлық отырыста Премьер-министр стратегиялық міндеттердің іске асуымен бөлісті. Оның ішінде жекешелендіру бағыты да бар. Белгілі болғандай, бүгіндері 800-ге жуық мекеме жоспар бойынша сатуға қойылған. Ал сатып алуға ниет білдірген бизнес өкілдерінің саны да көп деді.
«Жекешелендіру тізімінде ең үздік 65 компания бар. Оның ішінде 9 ұлттық стратегиялық мекеме. Олар IPO жүйесі бойынша жекешелендіріледі. Ағымдағы жылы «Эйр Астана», «Қазатомпром», «Қазақтелекомды» саудаға шығаратын боламыз. Жүйелік реформаларды да қайта реттейміз. Оған ерекше көңіл бөлінеді»,-деді ҚР Премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Сонымен қатар, салық жүйесіндегі түсім қаузалды. Бақытжан Сағынтаев 2017 жылы қабылданған «Салық кодексі» негізінде 2025 жылға дейін түсетін кіріс 4 трлн теңгеге жетеді - дейді. Алқалы жиында «Нобель сыйлығының» лауреаттары пікір білдірді. Раджендра Кумар Пачаури Қазақстанда «Болашақ энергия» институтын ашуға ниеттері ауғанын жеткізді.
«Егер ұлттық деңгейде бүкіл әлеммен байланыс ұстап, мұндай институт құрылса біздің жұмыс жеңілдемек. Яғни, әр елде қолдануға болатын «Жол картасын» ойлап табамыз. Екіншіден, дүние жүзі адамдарының ақыл-білімін бір арнаға тоғыстырамыз. Осы арқылы технологиялық сұрақтарды шешуге мүмкіндік туады»,-деді Нобель сыйлығының лауреаты Раджендра ПАЧАУРИ (Үндістан).
Қорыта келгенде, жалпы отырыста әлемдік индустрияның ең үздік мамандары мен сарапшылары адамзат болашағы мен жетістікке қол жеткізетін мемлекеттер жайын терең талқыға салды. Бұл жолғы басқосуға Испанияның ғалымы Хавьер Сала-и-Мартин, Ұлыбританияның геронтологы Обри Ди Грей, Алан Вулф сынды білікті мамандар өз ойымен бөлісті.
Назым Мәлікқызы, Дәурен Зарипов, «Алматы» телеарнасы Астанадан