Алматы әуежайы өткен жылы 5 миллион 700 мың жолаушыға қызмет көрсетті. Рейтинг бойынша Алып шаһардың әуе айлағы ТМД елдерінің арасында алғашқы ондыққа кірді. Жақында ғана әуежайдағы транзиттік жолаушылар үшін капсула қонақ үйі ашылды. Сондай-ақ жаңа тамақтандыру пункттері іске қосылып, жүкті онлайн бақылаудың жаңа жүйесі енгізілді. Тағы қандай жаңашылдық бар? Әріптесім Айдана Мейрамбайқызы студияға келіп бізге егжей-тегжейлі айтып береді.
-Қайырлы кеш Айдана! Әуежай - Алматының бас қақпасы, қонақтарды қарсы алатын басты нысан екені түсінікті. Онда қандай оң өзгерістер байқалады?
-Қайырлы кеш Тоғжан! Алматылықтар расымен де әуежайды мақтан тұтатын нысанның біріне жатқызса болады. Өйткені, әуе айлағы бұрынғымен салыстыруға келмейді. Көптеген өзгерістер бар. Әңгімені медициналық пункттен бастайын.
Басы ауырып, балтыры сыздағандар үшін қарастырылған орын толықтай модернизациядан өткен. Егер бұрын бұл шағын ғана бөлме болса, қазір аумағы 100 шаршы метрді құрайды. Мекемеде 23 қызметкер жұмыс істейді. Оларды «авиациялық дәрігерлер» деп атайды. Мұндағы ақ халаттылар тәулік бойы жұмыс істейді. Егер ұшақта жұқпалы ауруы бар науқас болса, бұл туралы дереу дәл осы мекемеге хабарланады. Дәрігерлер әрмен қарай арнайы киім киіп, науқасты тура ұшақтың бортынан қарсы алады.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша біз тәулік бойы эпидемиялық аурулар көп кездесетін елдерден келген жолаушыларды қатаң тексереміз. Бұл тізімде 9 ел, 24 қала бар. Сол жерлерден күніне 20-ға жуық ұшақ келіп, шамамен 2 мыңға жуық жолаушы түседі»,-деді Алматы қаласы Көліктегі қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Мәулен ҰНАСБЕКОВ.
Дегенмен, медпунктте сырқаттанған кез келген жолаушы тегін көмекке жүгіне алады. Мұнда шұғыл және амбулаторлық ем көрсетіледі. Ал мүгедектер үшін шамамен 10 арба қарастырылған. Дәрігерлер әуежайға келген мүмкіндігі шектеулі жандарды қақпадан бастап күтіп алып, ұшаққа дейін отырғызып жібереді. Ол үшін, тіпті, құны 50 мың еуроны құрайтын арнайы көлік сатып алыпты.
«Бізде ғана бар сондай амбулифт деген машинамыз. Жолаушылар өздері ұшаққа шыға алмаса, сол машинамен көтеріп, түсіріп, отыратын орнына дейін апарып сонымен түсіреміз. Ол барлық ұшаққа келеді. Кішкентай ұшақтан бастап, ең үлкен қазіргі А380 деген ұшақ бар, соғанға дейін келеді»,-деді «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ медициналық қызметінің басшысы Сағдат НҰРИМАНОВ .
Бұған қоса Алматы әуежайы биыл алғашқылардың бірі болып «Е фрайт» ақпараттық жүйесін іске қосыпты. Бұл әлемнің озық әуежайларында бұрыннан бері қолданылып, өз жемісін берген жүйе екен. Сол арқылы жолаушыларға жылдам қызмет ұсынылып, өндірістік жұмыстарды оңай шешуге ықпал етеді.
«Жаңа жүйе өз тиімділігін көрсетті. Жүйе арқылы әуе кемелері мен жолаушыларға жылдам қызмет көрсетіп, барлық өндірістік мәселелерді шешуге болады. Сонымен қатар, БРС ақпараттық жүйесі де енгізілді. Бұл багажды автоматты түрде бақылауға мүмкіндік береді», -деді «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ атқарушы директоры Серік МЫҚТЫБАЕВ.
Жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасау үшін 400-ден астам жаңа орындық сатып алынған. Барлығы жұмсақ, жайлы және еуропалық стандарттарға сай келеді. Соның арқасында жолаушы өз ұшағын ыңғайлы отырып күте алады. Ал кішкентай балалар үшін арнайы ойын бөлмесі жасалыпты. Алматы әуежайындағы биылғы жаңашылдықтың бірі транзиттік жолаушылар үшін ашылған капсулды қонақ үй.
«Капсулды қонақ үй адамдарға кезекті рейсін ыңғайлы күту үшін жасалды. Бұл тұрғыда біздің әуежайымыз өзге өңірлерімен салыстырғанда ТМД-дағы ең үздік 10 әуежайдың ішіне кірді. Енді біз бұл нәтижені әрмен қарай жақсартуға жұмыс жасаймыз», -деді «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ атқарушы директоры Серік МЫҚТЫБАЕВ.
Биыл әуежай әкімшілігі жарнамалық конструкцияларды да өзгертіпті. Енді мұнда ұлттық колориттегі баннерлер орнатылған. Бір қарағанда, олар лед дисплей сынды. Бірақ баннердегі суреттер арнайы технологияның арқасында жасалынған екен. Яғни, бояуды жоғары температура кезінде жаққан. Мұны көрген туристер қазақ жерінің табиғатымен әуежайдан бастап-ақ таныса алады.
«Біздің компания суреттері сөйлейтін әуежай идеясын ойдағыдай іске асырды. Яғни, Алматыға ұшып келген туристер бірден сирек кездесетін кадрлерді көреді. Мұнда Алматыдан бөлек, бүкіл Қазақстанның көз тартар сұлу жерлері бейнеленген. Каспий теңізінен бастап, Іле Алатауына дейін тұмса табиғатымызды дәріптеуді көздедік»,-деді жарнамалық оператордың коммерциялық директоры Нұр-әли АБДУЛЛАЕВ.
Сондай-ақ әуежайда құқықтық көмек орталығы да қызмет көрсетеді. Яғни, белгілі бір проблемаға тап болған жолаушы алысқа ұзамай-ақ бір бөлмеден Сыртқы істер министрлігі өкілдерінің, прокурорлардың, шекарашылардың және кеден қызметкерлерінің тегін кеңесін алуына болады. Айта кетсек, өткен жылдың аяғында Алматы әуежайында модернизациядан кейін екінші ұшу-қону жолағы ашылды. Қайта жаңғыртылған ұшып-қону жолағы барлық халықаралық талапқа сай.
«Ұшу-қону жолағының дұрыс жабдықталуы ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Мұндай жүйе ТМД елдерінде алғаш бізде пайдалануға беріліп отыр. Өздеріңіз білесіздер, Алматыда тұман жиі болады. Жаңартудан өткен ұшып-қону жолағы бұдан былай ұшақтарға ауа райының қолайсыз сәттерінде де кешікпей келіп қонуға мүмкіндік береді», -деді «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ атқарушы директоры Серік МЫҚТЫБАЕВ.
Алматы әуежайындағы оң өзгерістерді елімізде кәсіп ашқан шетелдіктер де бағалады. Соның бірі Үндістан азаматы Навин Сакин. Ол Алматыға алғаш рет 1997 жылы медицина университетіне оқуға түсу үшін келген. Сол жылдары тікелей рейстің жоқтығынан Алып шаһарға Делиден Бішкек арқылы жетіпті. Кәсіпкердің айтуынша, ол Қазақстанға алғаш келгенде әуежайда қызмет көрсету сапасы мүлдем сын көтермеген екен. Ал оқуын бітірген соң Алматыға былтыр қайта оралған Навин әуежайдағы өзгерістерге таңырқай қараған.
«Біз өте ризамыз. Отбасым өте қуанышты. Келген қонақтар да өте риза. Өйткені, ұшақтардың барлығы уақытылы келеді. Барлық жағдай жасалынған. Көші-қон бақылауында ұзын-сонар кезек жоқ, барлығы жақсы жұмыс істейді. Жүктен де заттарымыз жоғалмай, өз қолымызға аман әрі уақтылы тиеді»,-деді кәсіпкер Навин САКСИНА(Үндістан).
Әлемде мега әуежайлар бар. Бірақ Алматы әуежайы расымен де жыл сайын жаңарып, жақсарып келеді. Былтыр ондағы қызметкерлер 5 миллион 700 мың адамға қызмет еткен. Ал биыл бұл көрсеткіш 6 миллионнан асады деген болжам бар.