Ахмет Байтұрсынұлы мұражайы еліміздің киелі жерлер тізіміне енді

17.08.2017 16:17

Ұзақ жыл  дауға айналған Ахмет Байтұрсынұлы мұражайы еліміздің киелі жерлер тізіміне енді. Алаш арысы тұрған үй  мемлекеттің қарамағына берілмей, қазірге дейін  жеке қордың иелігінде тұр. Қазақ тілі білімінің атасы атанған Ахан тұрған үйдің киелі жерлер қатарына өтуі - мұражай жұмысының жандануына жол ашпақ.   Ал жалпы «рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында киелі жерлер тізіміне Алматыда мұражайдан бөлек тағы төрт  орын енгізілді.

Әр қазақ баласы сауат ақшан әліппені жазып, қазақ тіл білімінің негізін қалап кеткен ғалым Ахмет Байтұрсынұлы бұл үйде 1934-1937 жылдары аралығында, қамауға алынғанға дейін тұрған. Қазір мұражайда Байтұрсыновтың шығармалары, құжаттары және жеке заттары сақталған. Бірақ үй Ахметтің қызы Шолпай апа озған соң  ғалымның немере туыстарына өткен.

«Қасиетті, киелі деп айтуға болатындай тағылымды орын екені рас. Бұл сүйінші хабарға шынымды айтсам қуанып отырмын. Байтұрсынұлы мұражайы осы күнге дейін қоғамдық қорға қарап келді. Оған Үкіметтің өзі сеніп тапсырған болатын. Өкінішке орай, қоғамдық қор Байтұрсынұлының мұрағатын насихаттауда, мына тағылым мектебін өз деңгейінде ұстап тұруға қауқарсыз екенін көрсетті», - деді   А.Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры Райхан ИМАХАНБЕТ.

Жеке қорға қараған мұражай жұмысы жанданбаған соң, оны мемлекетке өткізу  туралы дау әлі күнге дейін жалғасып келеді. Қордың иесі мұражайды мемлекет қармағына беруге қарсы болса да, Байтұрсынов тұрған үй «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жасалған киелі жерлер тізіміне енді. Енді қазіргі иелері қаланың ортасындағы 16 соттық жері бар үйді өзге мақсатта қолдана алмайды.

«Анам Шолпан Ахметқызы осы қалада мені 1936 жылы дүниеге әкелген. Атам Ахмет мені 1 жасқа дейін, яғни қамауға алынғанша мойнына көтеріп жүріпті. Біз бұл жерде 40 жылға дейін тұрдық. Мұражайдың киелі орындардың қатарына кіргені мені қуантады. Бірақ түбінде қорға емес, мемлекеттің қорғауына өткенін қалаймын», - деді  А.Байтұрсынұлының жиен немересі Айман БАЙСАЛОВА.

Рухани жаңғыру бағдарламасы барысында еліміздегі киелі жерлердің географиялық орны мен тізімі жасалып жатыр. Бұл тізімге өткен ескерткіш немесе ғимараттар қорғауға алынады. Алматыда мұражайдан бөлек Тәуелсіздік монументі, Райымбек батыр кесенесі, Желтоқсан оқиғасының 20 жылдығына орай орнатылған Тәуелсіздік таңы сынды барлығы 4 орын қасиетті жерлер тізіміне өтті.

«Боралдай сақ қорғандары» қорымы киелі жерлер тізіміне енді. Аумағы 430 га. құрайтын Археологиялық парк, ерте темір дәуірінің ескерткіші. Сақ және үйсін тайпаларын билеген тұлғалардың, қолбасшылардың жерленген жері. Археологиялық парктің аумағында 47 үлкен сақ және 200-ден астам үйсін қорғандары орналасқан. Бұдан бөлек іргетасы 1907 жылы қаланған  Вознесенск шіркеуіде осы тізімге енді. Жалпы Алматыда бұндай орындар саны көп. Мегаполис Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жанғыру» бағдарламасын жүзеге асырудың практикалық кезеңіне кірісті. Қала әкімдігімен жобалық офис құрылды, оның жұмысына барлық атқарушы органдардың, әкімшіліктердің профильді ведомстволарының, азаматтық қоғам институттарының өкілдері кірді», - деді «Рухани жаңғыру» аймақтық жобасының менеджері Айнұр ВАЛИЕВА.

Елдің тұрғындарының рухани байлығы саналатын киелі жерлердің географиясы тек Алматы қаласы бойынша ғана емес, барлық өңірде анықталып жатыр. Ал қаладағы қасиетті орындар саналатын нысандар саны әлі де артуы мүмкін. Осы бағытта жұмыс жасаған мамандар әу баста 16 орныды атағанмен, «Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығымен 5 нысан іріктеліпті.  Алдағы уақытта Кеңсайдағы танымал тұлғалар мен орталық зираттағы Әуезов, Байсейтовтың бейіттері де осы тізімнен көрінуі мүмкін.

Әмірболат Құсайынұлы, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы