Көп күттірген мектеп салынатын болды, ақыры. «Дархан» ықшам ауданында білім ордасы келер жылы іргесін қаламақ. Аудан әкімі әлеуметтік нысанның салынуына қандай кедергілер болғанын тәптіштеп түсіндіріп берді. Енді қажетті телім бөлінсе, құрылысқа жең түре кірісуге дайын тұр олар.
Алатау етегіндегі бұл ауылдың құрылғанына ширек ғасырға жуықтады. Осы күні «Дархан» ықшам ауданында 220 мыңға жетеғабыл адам тұрады. Жыл өткен сайын жайлы мекеннен жай тапқандар көп. Қазір мұнда мектеп жасындағы мыңнан аса бала бар. Жолы төселген, суы беріліп, жарығы жүрген ауыл демесең, бала оқитын мектептен ада. Кесірінен, сан оқушы сөмкесін арқалап, көрші ауылдарға білім іздеумен сабылады.
«Дарханға» жұрт қоныстанып, ел қарасы көбейгенде, аудан басшылығы төңіреккке мектеп салып береміз деп уәде еткен екен. Алайда сол уағданың орындалмай жатқанына биыл 12 жыл болды. Аудан шенділері әу баста білім ошағын дәл осы жерге салмақ болған. Бірақ кейін жоспар өзгеріп, бұл орынға Алатау ауданы Ішкі істер басқармасы тұрғызылыпты.
Полицейлердің ғимаратынан бөлек, мұнда балабақша мен емхана да бар. Әлеуметтік нысандар шоғырланған аумақ 4 гектардан асады екен. Тегіс телімге бәрі сыйғанымен, білім алар ошаққа орын табылмапты. Құрғақ уәделін жұртқа жаудырумен жүрген шенділерден жұрт әбден жалыққан.
«Мектептің проблемасын біз айтқалы көп жылдай болды. Ол мектеп 2008 бен 2010-ның программасына кіреді деген мәселе болған. Одан да қалдық. Кейін 2013-2015 жылдары салынады деді», - деді «Дархан» ықшам ауданының тұрғыны Әуелхан ТОҢҚАЕВ.
Ақыры 1000 орынға шақталған білім ордасы бос жатқан осы жерге салынатын болып шешіледі. Бұл телімді де тұрғындар табан тоздырып әрең тапқан. Әйтсе де, әкімдік қызметкерлері табылған аумақ титімдей деп, мектеп салар техниканы төңірекке жолатпапты. Ал, іргедегі ауылдарға балалар жаяулатып баруға мәжбүр. Қысты күні қармен омбылап, кемінде 2-3 шақырым жүреді. Оларды таситын қоғамдық көлік те жоқтың-қасы.
«Қыс бар, күз бар, жауын-шашын бар. Балаларымызды уайымдаймыз. Тарығады балалар. Кішкентайларымыз кешке жақын келгенде жылап келеді, жаурағандарынан», - деді «Дархан» ықшам ауданының тұрғыны Амантай МУТАЛИЕВ.
Жанарына жас үйірген баланың жасы тоқтар кез жетті. Аудан әкімі көп күттірген мектеп келер жылы салынады деп қадап айтты. Қазір жер қатынастары басқармасы қосымша телім бөлу мәселесіен шешіп жатқан көрінеді. Керек жер бөлінген бойда, мектептің іргесі қаланады.
«Дарханда» бір жер бар, ол 1 гектар. Оған тағы да 1 гектар 400 алуымыз керек. 1000 орындық балаға мектеп салу жоспарланған. Жалпы саны 2 гектар 400 жер керек. Осыны қаламен келісіп жатырмыз. 2018 жылы құрылысы басталады», - деді Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі Бағдат МӘНІЗОРОВ.
Базынасы бар бұқара сай-сағаланы жағалаудан да жалыққан. Мектеп мәселесі шешілсе, қос араны жалғайтын осы жерге өткел де салынады дегенге кәміл сенеді. Әйтпесе, көліктер әрлі-берлі ағылатын негізгі тас жолға жету үшін жасы мен жасамысы бар омақасалап жүруге мәжбүр.
Дастан Сейілханұлы, Әсет Құндақбаев «Алматы» телеарнасы