Көкжайлау демалыс орнының құрылысы қайта жанданады. Ол тек қыс мезгілінде ғана емес, жыл бойы жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, келер жылы Алматыда жеңіл рельсті көлік жүйесі іске қосылмақ. Бұл туралы Астанада, орталық коммуникациялар қызметінде өткен есептік кездесуде Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мәлімдеді. Алқалы жиында шаһар басшысы полиция қызметкерлері арасындағы жемқорлық тақырыбында да сөз қозғады. Айтуынша, бейнетіркеуді өшіріп, пара алуға ниеттелген полиция қызметкерлерін қатаң жазалау қажет. Елордада өткен есеп беру кешінде әкім Алматы қаласының өзге де әлеуметтік, экономикалық даму сатысына терең тоқталды.
Алматы "Экономикалық ынтымақстастық пен даму" ұйымы талаптарына сай дамуға ұмтылып келеді. Алғы сөзде қала басшысы мегаполистің ең ірі даму тармақтарына тоқталды. Осыған орай, «Маккинзей» сынды халықаралық деңгейдегі мамандардың көмегі арқылы «Алматы -2020» бағдарламасы қолға алынған. Әрине бұл жобада қарапайым халықтың қалауымен іске қосылған. Әрі қарай, Бауыржан Байбек, әлеуметтік бағдарламалардың маңызды көрсеткіштерін атады. Ақпарға сәйкес, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 1,8 мың пәтер салынып, 4,5 мың баспана қолданысқа берілген. Қолжетімді баспана көлемі 1,5 есеге артқан. Ағымдағы жылы қаланың басты инвестиция көлемі 12,8 пайызға артып 400 млрд теңгеден асқан.
«Соңғы тоғыз айда өндіріс өнімі 3,9 пайызға, көтерме сауда көлемі 6 пайызға өскен. Былай қарағанда, аз көрсеткіш сияқты. Дегенмен, қаржы көлемінде 6,9 миллион теңгені құрап отыр. Бөлшек сауда көлемі 4 пайызға артқан. Жеке инвестиция 80 пайызды құрап отыр. Демек, бұл мемлекеттік емес жеке кәсіпкерліктің деңгейі»,- деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.
Қаланың абаттандыру жұмыстарына өткен жылға қарағанда 2,5 есе, жолдарды жөндеу жұмыстарына 1,3 есе артық қаржы бөлінген. Қалада жайлы орта қалыптастыру мақсатында биыл біраз көше жаңа кейіпке енді. Яғни, батыс аймақта орналасқан Панфилов, Жібек жолы және «Астана» алаңы тарихи құндылықтарға етене жақын орналасқандықтан олар халықтың емін-еркін серуендеуіне ыңғайланды. Бұл жоба келер жылыда жалғасып, Райымбек пен Абай даңғылы, Достық пен Есентай өзенінің жағалауы қайта жаңарады. Жалпы алғанда 170 гектарға жуық тарихи орталық адам танымастай өзгеретін болады.
«Ағымдағы жылы жаяу жүргіншілердің қозғалуына ыңғайлы болуы үшін, қаланың 3 тарихи орталығын қайта жаңарттық. Демек, біраз нысандардың сыртқы келбеті жаңарып, су бұрқақтар саны артты әрі, балаларға арналған ойын алаңы, жасыл желектерді суару жүйесі қалыпқа келтірілді. Бұл өз тарапынан бизнес ортаның дамуына үлкен серпін берді. Адам көп жерде кәсіпте дамиды»,- деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.
Сонымен қатар, Бауыржан Байбек жеңіл рельсті көлік жүйесіне жіті тоқталды. Жаңа трамвайды сатып алуға қала бюджетінен 130 млрд теңге қарастырылыпты. Демек, бұл ескі трамвайдың орнына іске қосылады. Әрі, тозығы жеткен рельсті қайта қалпына келтіруден тиімдірек.
«Біз келер жылдан бастап, жеңіл рельсті көлік жүйесіне көшуді жоспарлап отырмыз. Ол өте тыныш, экологиялық таза, ыңғайлы, қымбат жобаның бірі. Трамвай Саяхаттан «Алматы» аренаға дейін қатынайтын болады. Батыс талабына да сай. Бұл көлемі бойынша, әлемдік деңгейде ең үнемді жобалардың қатарына кіреді. Біз Еуразиялық Даму банкімен осы бағыт бойынша 2 жыл бойы тығыз жұмыс жасап, үнемдеудің жолдарын қарастырдық. Құрылыс пен трамвайлар құрамына 125-130 млрд теңге жұмсалады»,-деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.
Қала әкімі сонымен қатар, полиция қатарындағы жемқорлықпен күреске ерекше назар аударды. Тіпті, бейнетіркеуішті өшіріп, пара алуға құныққандарды жұмыстан босатуды керек дейді. Пікірінше, бұл қадам сыбайлас жемқорлықпен күрестің ең тиімді жолы. Айта кетер жәйт, жергілікті Ішкі істер департаментінің техникалық қорын жаңартуға биыл бір миллиард теңге бөлінген.¤
«Барлығы қауіпсіздікті талап етеді. Жақында біз Ішкі Істер Департаменті қызметкерлеріне 200 жуық жаңа көлікті табыс етеміз. Әр машинаға жаңа GPS жүйесі орнатылған. Егер көлік бағытын өзгертетін болса, онда бағыттың сәйкес еместігі жайында ақпар келеді»,-деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.
Есеп беру кезінде шаһар басшысы экологиялық жағдайды ұмытпады. Алматының қара түнекке орануын, қала маңындағы жеке үйлердің әлі күнге дейін көмір қолданатынымен түсіндірді. Десе де, биыл шет аудандардағы 1 жарым мыңға жуық абонент табиғи отын жүйесіне қосылған. 2019 жылға дейін жеке үйлер 100 пайыз газбен қамтылатын болады. Әрі, сырттан келетін көлік нөпірін азайту қолға алынған. Олимпиада тақырыбы назардан тыс қалмады. Әкім «Алматы додаға қатысуға өтініш жіберді» деген қауесетке нүкте қойды. Екіншіден, «Көкжайлау» шипажайының құрылысы қайта қолға алынатынына тоқталды. Бірақ, құрылыс аймағының тоғыз есе қысқарғанын әрі, жобаның қаржы көлемі екі есеге төмендегенін атап өтті.
«Біз барлық жағдайды ескердік. Көкжайлау тек қысқы шипажай ғана емес, жыл бойы жұмыс істейтін демалыс орталығына айналады. Адамдардың емін-еркін серуендеп, тынығуы үшін мен өз тарапымнан барлық жағдайды жасауым тиіс»,-деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.
Сонымен қатар, ірі мегаполис «Рухани жаңғыру» бағдарламасына ерекше назар аударған. Бүгінгі таңда 87 млрд теңгені құрайтын 125 жуық жоба іске асуда. «Туған жер» бағдарламасы негізінде бизнес орта әлеуметтік нысандарды тұрғызуға белсенді қатыса бастаған. Жеке қаржы есебінен бүгінгі таңда Наурызбай ауданында 500 адамды қамтитын аурухана мен 1200 орынға шақталған бір мектеп бой көтерген. Алатау ауданында жеңіл атлетика алаңы ашылған. Ботаникалық саябақты халықаралық деңгейге сай аймаққа айналдыру жобасы қолға алыныпты. Әрі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аймақта 22 жуық қасиетті орын мен 5 нысан анықталған. Олар қазіргі таңда Қазақстанның киелі орындар картасына еніпті.
Назым Мәлікқызы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы, Астанадан