Алматыда 3 мыңнан астам жанұя жыл соңына дейін баспаналы болады. Ал жаңа жылға дейін 85 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. «Нұрлы жер» және өзге де мемлекеттік бағдарламалар ата заңымызда көрсетілген құндылықтарға сүйеу бола отырып жүзеге асуда. Тәуелсіздік жылдарында шаһар экономикасы 100 есе артып, тұрғын үй қоры екі есеге өскен. Қаладағы шағын және орта бизнес те жыл санап дамып келеді. Осы және өзге де мәселелер жайлы қала әкімі Бауыржан Байбек Конституция күніне арналған жиында сөз етті. Сондай-ақ шаһар басшысы Алматыдағы жаңа саябақтар, жүргінші жолдары, веложолақтар тұрғындардың жайлылығы үшін жасалып жатқандығын тілге тиек етті. Ал қайта жөндеуден өткен Панфилов, Жібек жолы, Астана алаңы тұрғындардың демалыс орнына айналады. Салтанатты жиында Бауыржан Байбек ата заңның қарапайым өмірде де маңызы зор екенін айтып, барша халықты осынау айтулы мерекемен құттықтады.
«Мемлекет тарапынан Конституцияда кепілдік берілген адам құқықтарын қамтамасыз ету мен ондағы іргелі құндылықтарды іске асыру шаралары мүлтіксіз атқарылып келеді. Ата заңымыздың азаматтардың тең құқықтығына кепілдік беруінің арқасында түрлі этнос өкілдері бір атаның баласындай бейбіт өмір сүріп, тыныш тірлік кешуде. Аз уақыт ішінде ынтымағы ұйыған ұлтқа айналып, берекесі тасыған көпке үлгі ел болдық», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Қала әкімі ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтарға сүйене отырып, заманауи техника-технологияларды еркін меңгеруге, жаһандану заманында өзіміздің ұлттық кодымызды сақтауға ұмтылу жайлы да сөз қозғады. Салтанатты жиын 2 бөлімнен тұратын «Ұлы дала аңызы» балетімен жалғасын тапты.
«Әлем бізді танып жатыр. Қаншама ұлт өкілдерін барлығын бауырына басты. Тыныштықта, бірлікте, туыстықта өмір сүріп жатырмыз. Қазақ деген халықтың кеңдігі мен Елбасының кемел саясаты арқасында бәріміз бірлікте Ассамблея құрдық. Бүкіл қазақстандықтарды тең етті. Соның бәрін беретін осы Ата заңымыз. Ата заңымыздың мерекесі ең үлкен мереке», - деді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Асылы ОСМАН.