Алматының үздік мейрамханалары мен қонақүйлері «Универсиада ұсынған» сертификаттарын алды

07.12.2016 15:15

Қысқы Универсиада ойындарына келетін қонақтар мен шетелдік туристерді қабылдауға 100-ге жуық нысан тас түйін дайын. Оның 74-і қонақүй болса, қалғаны хостелдер. Ал, түрлі талаптардан іріктеліп өткен 106 тамақтану орны қонақтарға 23 түрлі ас мәзірін ұсынбақ. Қала әкімі Бауыржан Байбек Универсиада ойындарында туристерге қызмет көрсететін нысан иелеріне арнайы сертификат табыстап, оларды серіктестер қатарына қосты.

Универсиада ойындары кезінде қаладағы қонақүйлер мен тамақтану орындарына сұраныс артып, қонақтарды қабылдау 84 пайызға дейін артады. Ал, туристік бағыттағы көліктердің жүктемесі 400 пайызға ұлғаяды. Сондықтан, аталмыш салалардағы қызмет көрсету сапасы басты назарда. Туризм орталығы саналатын Алматыда бүгінде 137 қонақүй мен 200-ден астам тамақтану орындары бар. Олардың қатарындағы Универсиадаға серіктес болуға өтініш білдіргендерін сарапшылар 2 айға жуық зерттеп, қонақтарды қабылдауға қауқарын тексеріпті. Нәтижесінде сыннан сүрінбей өткен 74 қонақүй мен 26 хостел іріктеліп алынды.

«17 нысан талапқа сай келмегендіктен іріктеуден өтпеді. Оларда тиісті деңгейде жөндеу жұмыстары жүрмеген, санитарлық талаптарға сай емес. Бөлмелерінде жағымсыз иіс болды, әрі қызмет көрсету сапасы төмен екен. Бұған қоса, қызметкерлердің қонақтармен тіл табысу деңгейінің төмендігі және ағылшын тілін білмеуі байқалды», - деді Қазақстан туристік қауымдастығының президенті Рашида ШАЙКЕНОВА.

Универсиадаға келетін туристерді қабылдайтын 5 жұлдызды қонақүйлердің құны 1 тәулікке 50 мың теңгеден басталса, 3 жұлдыздысы 1700 теңгеден бастап қызмет көрсетеді. Ал, хостелдердің бағасы 1500-бен 15000 теңге аралығында. Ал, қоғамдық орындарда тамақтану құны орта есеппен 1200 теңгеден басталмақ. Сайыс кезінде серіктес ретінде 106 тамақтану орны қызмет көрсетеді. Олар 23 түрлі ас мәзірін ұсынбақ, ал, басымдық қазақтың ұлттық тағамдарына беріледі дейді сарапшылар.

«Тамақтану орындарын техникалық жабдықталуынан бастап, санитарлық тазалығы, қызметкерлердің сыпайы қызмет көрсетуі, ағылшын тілін білуі сында талаптармен іріктедік. Сондай-ақ ас мәзірінің ағылшын тіліндегі де нұсқасының болуын қадағаладық», - деді  Қазақстан рестораторлар альянсы төрағасының орынбасары Жанна ПРАШКЕВИЧ.

Шаһар басшысы Бауыржан Байбек қонақ үйлер мен тамақтану орындарының қызмет көрсету сапасын әлі де жақсарту қажеттігін атап өтті. Әрі, туристерді тарту мен қала тұрғындарының жайлылығы үшін қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді. Спорттық сайыс кезінде қызмет көрсететін қонақүйлер мен тамақтану орындарына арнайы сертификат пен «Универсиадаға ұсынылды» деген арнайы белгі табысталды.

«Қалаға келген әрбір турист тәулігіне 200 долларын жұмсайды. Біз кеден қызметіндегілермен, полиция өкілдерімен көптеген жиындар өткізіп, туристерді қарсы алу мәселесін талқыладық. Егер біз шаһарға келген бір туристі дұрыс қарсы алып, күте алмасақ, бірден 10 туристі жоғалтамыз деген сөз. Өйткені, ол қала туралы жағымсыз ақпарат таратады. Сондықтан біз туристік қала ретінде шет елден келетін қонақтарға бар жағдай жасауымыз қажет», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Дүбірлі дода кезінде әуежай мен вокзалдардың да қызмет көрсету сапасы жақсартылмақ. Сондай-ақ қауіпсіздік те күшейтіледі. Айта кетсек, Дүниежүзілік Қысқы Универсиада ойындары Алматы қаласында 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында өтеді.


Айдана Мейрамбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы